Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты аудиокітабы жарыққа шықты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Президенттің аудиокітабы Kitap.kz, Topiq.kz, Kazneb.kz қосымшаларында да қолжетімді болмақ.
Кітап шығару саласындағы соңғы тенденциялар мен оқырман сұранысын ескере отырып, adebiportal.kz отандық әдеби порталы авторлардың аудиокітап форматындағы жаңа шығармалармен толығып келеді.
Порталдың жаңалығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» аудиокітабы. Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың өмір жолына арналған.
«Автор әкесінің өмірі мен шығармашылығы туралы жеке естеліктерімен бөлісіп, Кемел Тоқаевтың қиындыққа толы балалық шағы, оның майдандағы жастық кезі мен соғыстан кейінгі шығармашылық жолы туралы әңгімелейді. Автор анасы – Тұрар Шабарбаеваға арнайы бөлім арнаған. Анасы жазушының өмірлік адал серігі, отбасының ұйытқысы болғанын айтады. Өзінің ата-анасына және жақындарына деген сүйіспеншілік сезімін терең жеткізеді. Президенттің отбасы құндылықтары, борыш пен жауапкершілік, аға ұрпақтың мұрасы туралы ой-толғаулары кітапта айқын көрініс тапқан», – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл туындысында баяндаған толғаныстары жас ұрпақ тәрбиесі үшін мәні терең, маңызы зор.
«Кемел Тоқаев ХХ ғасырдағы отандық әдебиетте жарқын із қалдырды. Шығармалары қаламдастары, сыншылар мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан мен Кеңес Одағында бестселлерге айналды», – деп хабарлады министрлік.