Қор ұсынған лоттарда кәсіпкерлердің көз жасы жатыр. Мұны байқау қиын емес. Әсіресе, лоттарда ауылшаруашылығы саласындағы дүниелер көп. Фермерлерден қарыздары үшін тек арнайы техника мен кішігірім жабдықтарын ғана емес, сонымен қатар барлық инфрақұрылымы дайын үлкен кешендерін де алып қойған.
Олар не сатады?
Инвесторлар, әмияндарыңызды дайындай беріңіздер. Бүгінгі таңда лоттағы ең қымбат нысан – Арқалық элеваторы болыр тұр. Ол барлық жабдықтармен, диірменмен, өрт сөндіру және теміржол депосымен, өзінің қосалқы электр станциясымен, зертханасымен, қоймаларымен және жер учаскелерімен сатылымға шығады. Барлығы – 20 нысан. Элеваторды 3,9 млрд теңгеге сату жоспарлануда, бірақ аукцион негізгі бағаның төмендеуі бойынша өткізіледі (редукцион. -Ред.) Сондықтан ең төменгі баға – 328,1 млн теңге. Сауда-саттық бүгін өтеді деп белгіленген.
Мұндай үлкен нысанды уысынан шығарып алған кәсіпкерге аяушылықпен қарауға болады. Айта кетейік, оның бұрынғы иесі – Алмат Қапиев, ол қазір Астанада тіркелген бірнеше ЖШС-ті басқарады. Оның қолында көтерме және бөлшек сауда дүкендері, Ақмола облысындағы фермерлік шаруашылық және ұн өндіретін кәсіпорын бар.
Айтпақшы, 17 сәуірде ауданы 823,8 шаршы метр болатын тұтас ғимараттар кешенін сатып алуды қарастыруға болады. Ол жылы автотұрақ, жер учаскелері және ас пісіруге арналған арнайы кулинариясы бар ғимараттан тұрады. Кешен Ақмола облысында, Сандықтау ауданында Дорогинка ауылында орналасқан. Бастапқы бағасы 53 млн теңге, ең төменгі бағасы – 4,4 млн теңге.
Сондай-ақ 17 сәуірде 49,3 шаршы метр болатын су жинағыш мұнара жер учаскесімен бірге сатылады. Ол Ақмола облысының Каменка ауылында орналасқан. Бастапқы бағасы-8,1 млн теңге, ең төменгі құны-675 мың теңге.
Қор не үшін қажет?
Қордың өзіндегілерден сұрасаңыз, олар еліміздегі банк жүйесін сауықтыруға қызмет етеміз деп жауап береді. Шын мәнінде, қор банктерден проблемалық және өтімді емес несиелерді сатып алады, содан кейін оларды нарықта сатады. Механизм, әрине, нарықтық емес, бірақ ол бір кездері әлемдік қаржы дағдарысының салдарымен күресу үшін жасалған және мұндай практика өзге де елдерде қолданылады.
Қазақстанда, бәлкім, мемлекеттің көмегімен банктерді сауықтыру ұзаққа созылған шығар. Қор 2012 жылы құрылып, Ұлттық қордың қаражатынан 250 млрд теңгеге қаржыландырылды. Яғни, ол 12 жылдан бері банктерді «сауықтырумен» айналысады. Әу баста қаржы дағдарысына байланысты құрылғанымен, қазір банктерге тәуелді болып қалғандай. Қазір қор Қаржы министрлігіне қарайды. Оның жалғыз акционері — Қазақстан Республикасының Үкіметі.
— Біз 2027 жылға қарай қаржы ұйымдарының несиелік портфельдерін тазарту, активтерді қайта құрылымдау және стресстік портфельді басқару саласындағы кәсіби басқарушы компания боламыз, — делінген қордың сайтында.
Сонда осы уақытқа дейін банк секторындағы жағдай жақсармай ма? Қазақстандағы банктер проблемалық несиелер қорының көмегіне мұқтаж болып қала бере ме? Мұны Үкіметтің алдға қойып отырған жоспары деп санауға бола ма? Өйткені мұндай қордың болуының өзі Үкімет жұмысының ең жақсы көрсеткіші емес.
Қордың өз шығындары қанша?
Қазір қорда сатуға арналған жалпы құны 44,9 млрд теңге болатын активтер бар. Оның ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлік, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысына арналған жерлер, жабдықтар, көлік және үлестік инвестициялар бар. Бұл ретте 2022 жылы Қордың борышкерлердің мүлкін сатудан түскен түсімі 37,8 млрд теңге, 2021 жылы – 26,5 млрд теңге болған.
Қаржылық есептілікке сәйкес, Қор қызметкерлердің іссапарларына 2022 жылы 76,4 млн теңге, ал 2021 жылы 107,9 млн теңге жұмсаған. Олардың іссапарлары азайғанын байқауға болады, бірақ басты сұрақ: «не үшін барды және не бітіріп келді?»
Әрі қарай кеттік. Көлік шығындарына қор қызметкерлері 2022 жылы 41,8 млн теңге, ал 2021 жылы 36,6 млн теңге жұмсаған.
Байланыс қызметтеріне 2022 жылы 16,6 млн теңге жұмсалды, дегенмен 2021 жылы бұл сома екі есе аз болды – 8,8 млн теңге. Интернет қымбаттады ма?
Қызметкерлердің жалақысына жұмсалған шығыстар 2022 жылы 3,4 млрд теңгені, 2021 жылы – 3,3 млрд теңгені құрады.
Ең бастысы, бюджетке 2022 жылы 133,3 млн теңге, 2021 жылы 141,6 млн теңге салық төленді.
Жалпы, қордың қаржыландырылуы 2023 жылдың басында 290,2 млрд теңгені, ал бір жыл бұрын – 108,4 млрд теңгені құрады, яғни екі есе аз.
Проблемалық несиелердің қазіргі мөлшері
2024 жылдың наурыз айының басында қазақстандық банктерде төленбеген кредиттер көлемі шамамен 906,4 млрд теңге болды. Бұл жалпы несие портфелінің 3% деген сөз.
Банктер бөлінісінде проблемалық кредиттердің ең көбі Kaspi Bank-те -215 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 4,6%. Одан кейінгі орында «Қазақстан Халық банкі» — 203 млрд теңге (несие портфелінен 2,1%), «First Heartland Jusan Bank» — 107 млрд теңге (несие портфелінен 8,5%), «Bereke Bank» — 85 млрд теңге (несие портфелінен 5,3%), «Еуразиялық банк» — 75 млрд теңге (несие портфелінің 5%).
Бұл ретте проблемалық несиелердің басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі — 622 млрд теңге немесе 69%, шағын және орта бизнес — 246,5 млрд теңге немесе 27%. Заңды тұлғалардың да арасында несиесін төлемей жүргендері жетерлік, бірақ анау айтқандай көп емес. Ол барлық проблемалық кредиттердің тек 4 пайызы деңгейінде, яғни 37,3 млрд теңге.
Автор Аман Төлебаев
[ad_2]
Дереккөз: ulysmedia.kz