Мәскеу психоанализ мектебінің түлегі, блогер Шапағат Есжан отбасында ұл бала тумауының себебін ер адамның психологиялық күйімен байланыстырған, деп хабарлайды Todayinfo.
Желідегілер психологтың пікірімен келіспей, оны сынап жатыр.
Блогердің айтуынша, әйел адамның тек қыз баланы дүниеге әкелуінің себебі – ер адамның ішкі әлсіздігін мойындамаудан немесе ер мен әйел арасындағы эмоционалдық байланыс пен сыйластықтың төмендеуінен болуы мүмкін.
«Егер ер адам әйеліне қамқорлық танытып, мейірім көрсетпесе, оның болмысында салқындық болса, мұндай отбасында ұл бала дүниеге келмей жатады. Бұл психоэмоционалдық байланыспен тікелей байланысты», – дейді ол.
Шапағат Есжан бұл мәселені психикамен жұмыс істеу арқылы түзетуге болатынын да айтты.
Алайда блогердің пікірі әлеуметтік желіде түрлі реакция тудырды. Қолданушылардың бірі оны қолдаса, енді бірі «генетика қайда қалды?», «ұлды да, қызды да беретін – Алла», «ғылыми негізсіз пікір» деп сынға алды.