Ресей Президенті В.Путин Қазақстанның бұрынғы Президенті Н.Назарбаевты Ново-Огарёводағы ресми резиденциясында қабылдады. Екі кәрі түлкінің В.Путиннің күнделікті тұратын жерінде жеке кездесуі саясаттағы ең ірі шахмат ойынының басталғанын білдіреді. Бұл қарапайым кездесу болып көрінгенімен, астыртын “үлкен толқын” жатыр.
Н.Назарбаев елді құрған Президент қана емес, ол әрі билікті 30 жыл басқарған әккі саясаткер. Алайда, оның елдегі беделі мәз емес. Н.Назарбаевтің өзі сайлаған “мұрагері”, қазіргі Президент Қ.Тоқаев оның саяси мұрасын жүйелі түрде тазартып жатыр.
Бұл драманы “Тақтар ойынының” Орта Азиялық нұсқасы деуге болады.
Н.Назарбаев тақтан тайған соң, елдің экономикалық тұрмыс-тіршілігін бақылауында ұстау үшін “сахна сыртынан әкімшілік” құрып, маңызды орындарға өз адамдарын отырғызуды ойлаған еді. Сөйтіп, ол тіпті өзіне “қол тигізбеуі” үшін “тұңғыш президент” заңын да шығарды. Алайда, Қ.Тоқаев бар мүмкіндікті пайдаланып, осы күрделі электр желілерін бірінен соң бірін ажыратты. Осылайша Н.Назарбаевтің “өз қолымен тоқылған” державалық империя кестесі Қ.Тоқаевтің “темір жұдырығында” күйреді.
Мәскеуді Қ.Тоқаевтің Н.Нарарбаев ықпалын жойғаны ғана емес, әрі Қазақстанның дипломатиялық бағытын біртіндеп өзгертіп жатқаны қатты алаңдатып отыр.
Қ.Тоқаевтің бірқатар операциялары Ресейдің стратегиялық ауласында от тұтатқанмен тең болды. Біріншіден, Ресей мен Украина арасындағы соғыс кезінде ол «өзін ақылмен сақтап қалуды» таңдап, Украинаның шығысындағы төрт бірдей өңірдің Ресейге кіруіне ашық қарсылық көрсетті. Одан да қатерлісі, Ресей энергия көздерін пайдаланып Еуропаға қауіп төндіруге дайындалып жатқанда, Қ.Тоқаев келіп Еуропаға энергия жеткізуші болуға бейілді екенін танытты. Бұл Ресейдің энергетикалық дипломатиясына соққы емес пе?
Мұнымен қоймай, Қ.Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ отырысында В.Путиннің алдында Ресей-Беларусь альянсын да сынға алды. Ол тіпті нақты экономикалық шекараны сызып көрсетіп, Ресей басшылығындағы ТМД-ның трансұлттық валюталық келісімінен де шығып кетті.
Қ.Тоқаевтің бұл әрекеттері Мәскеуге нақты белгілер берді: Қазақстан бұдан былай Ресейдің “інішегі” болғысы келмейді. Демек, В.Путиннің дәл осы тұста Н.Назарбаевті шақыра қалуы, өткен күндерді еске алу емес. Бұл, Ресейдің Орта Азия бойынша алдағы әрекеттеріне шолу, мұқият ойластырылған саяси сигнал.
Неге қазір болды? Мұнда уақыттың маңызы үлкен. Ресей мен Украин соғысы алаңындағы жағдай бірте-бірте айқындала бастаған тұста В.Путин назарын өзінің ықпалды аймағы Орталық Азияға бұра бастады. Әсіресе, Сириядағы соғыс алаңында жеңілгеннен кейін Ресейге басқа бағыттар бойынша геосаяси тепе-теңдікті табуы керек болды.
В.Путиннің дәл осы кезде Н.Назарбаевпен кездесуді таңдауы Орталық Азияның шахмат тақтасына маңызды бір фигураны тастаумен бірдей болды. Бұл сингал тек Қ.Тоқаев үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағына беріліп отыр. Ресей бәрін реттеуге кіріспек.
Жел ағыны өзгеріп, алпауыт державалар арасындағы бәсекелестіктің жаңа кезеңі басталып жатыр. В.Путин мен Н.Назарбаевтың бұл кездесуі келер өзгерістердің тек кіріспесі болуы мүмкін. Бұдан кейін Ресейдің Орталық Азияға бағытталған әрекеттері байқала бастайды. Дауылдан бұрын самал жел тұрады. Бұл жеке кездесу Орталық Азиядағы саяси ахуалдың түбегейлі өзгеретінінің бірден бір белгісі болуы әбден мүмкін.
(Қытай сарапшыларының саяси шолуы)
Ертай Нүсіпжанов парақшаларынан