16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұмның денесіне жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Сараптама Талғар аудандық орталық ауруханасының мәйітханасында жүргізілген.
Прокурордың айтуынша, мәйіттің сыртқы белгілерінде көптеген жарақаттар мен көгерулер байқалған.
«Мәйіттің бойы шамамен 170–175 см, арық денелі. Көздері жартылай жабық. Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары мен көгерген іздер байқалады. Үстіңгі ернінде қан іздері бар. Сол қолының бесінші саусағында жарақат, ал оң қолының білек тұсында 2 см көлеміндегі жарақат анықталған», – деді прокурор Дана Сәрсенбай.
Сараптама бойынша ең ауыр жарақат мәйіттің сол жақ қабырға тұсынан анықталған.
«Бұл тұста өткір затпен салынған, ұзындығы 2,5 см сұғылмалы-кесілмелі жарақат болған. Өзге айқын жарақаттар табылмады», – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.