Көкпен астасқан асқақ таулар, ерекше сәулет, жайқалған жасыл желек пен көркем көшелер. Алматы бір көрген жанды баурамай қоймайды. Миллиондаған тұрғыны бар алып шаһарда өмір қайнап жатыр. Қаланың көше қозғалысы бір сәтке де толастамайды, деп жазады Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Қаланың әр бұрышында таңғы салқынмен жұмысқа кірісетін тазалық сақшылары бар. Олар қоқыс жинап, гүлдерді суарып, жол жиектерін тазалап, ағаштарды кесіп, жапырақтарды сыпырады. Қолдарындағы құрал-сайманымен қаруланған бұл жандар — қаланың көрінбейтін батырлары.
Қызғылт-сары арнайы киім киген тазалық қызметкерлерінің еңбегі көзге көп түсе бермейді. Алайда қаланың санитарлық жағдайы мен сұлулығы тікелей осы жандардың жұмысына байланысты. Көпшілік байқай бермейтін жапырақтың, қоқыстың артында да маңдай тер мен жауапкершілік жатыр.
Тәулік бойы тоқтамайтын жұмыс
Қалада тазалық жұмыстары тәулік бойы атқарылады. «Алматы Тазалық» мекемесінің жұмысшылары екі ауысымда еңбек етеді.
- Бірінші ауысым — таңғы 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін,
- Екінші ауысым — кешкі 19:00-ден таңғы 06:00-ге дейін.
Әр аумаққа жауапты 20–25 адамнан құралған бригада жұмыс істейді. Бірі сыпырса, екіншісі арнайы техникамен тротуарларды жуады, үшіншісі ағаш бұтақтарын кесіп, жасыл желекті ретке келтіреді.
Бір аумақта шамамен 20-25 адам жұмыс істейді. Олардың бірі көше сыпырса, бірі арнайы техникамен жаяу жүргіншілер жолын жуады.
Бесаспап маман — Алтай Еспенбетов
Алтай Еспенбетов 2010 жылдан бері «Алматы Тазалықта» жұмыс істейді. Ағаш кесу, гүл суару, жапырақ жинау сияқты маусымдық жұмыстардың бәрін бірдей атқара беретін бесаспап маман. Ол үшін бұл — жай ғана жұмыс емес, қалаға деген жанашырлықтың көрінісі.
Қаланың көркеюіне күнделікті үлес қосып жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз.
Олардың айтуынша, егер әр тұрғын өз жүрген орнын таза ұстап, қоқысын қоқыс жәшігіне тастаса, сүйікті шаһарымыз одан сайын көркейе түсер еді.
Қаланың тазалығы мен көркеюі тек арнайы мекемелердің ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Тазалық үшін күн-түн демей еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету — азаматтық парызымыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін «екі қолға бір күрек іздеген» жандар үшін «Алматы Тазалық» мекемесі жұмыс ұсынатынын хабарлағанбыз. Қаланың санитарлық тазалығына жауапты «Алматы Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз құрамын кеңейтіп, жас қызметкерлерді командасына қосуға дайын. Бұл мүмкіндік, әсіресе, студенттер үшін тамаша мүмкіндік. Бос уақытында қосымша табыс тауып, оқуға да үлгеремін деген жастар үшін 4 сағаттық жұмыс күні қарастырылған.
«Алматы Тазалық» командасына қосылғысы келетіндер мына телефон арқылы хабарласа алады: +7 (702) 809 97 01.