Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мегаполис басшысы қар шығару жұмыстарына қатысты түсініктеме берді. Әкім қала көшелерін қардан дер кезінде тазалау ерекше бақылауда екенін айтты, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
«Біз алгоритмді қайта қарастырдық. Қар шығару барысын жақсарту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл мәселені күн сайын өзім бақылап отырамын», — деді Ерболат Досаев.
Бүгін түнде Алматыда қар шығару үшін 416 бірлік арнайы техника мен 268 жұмысшы жұмылдырылды. 154 бірлік шағын көлемді техниканың күшімен тротуарлар мен жалпы пайдаланылатын орындар механикаландырылған түрде тазаланып, қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті өткелдерінде қар қолмен күрелді. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.