Мәжілістің экс-спикері атышулы Нұрлан Нығматулин аласұрып жүр. Кезінде аппарат ойындарының «қас шебері» атанған ол енді өзі өрмекке түсіп отыр, деп жазады Todayinfo агенттігі Elmedia-ға сілтеп.
Дереккөздің мәліметінше, Нығматулин арадағы сенімді делдалдар арқылы қамауға алынған тергеуші Олеся Кексель мен оның әріптесі Татубаевқа араша түсуге әрекеттенген.
«Нығматулин бұған өзін сақтандыру үшін барған: қос тергеуші экс-премьер Серік Ахметовке қатысты істің артында кім тұрғанын ашып қойса, оның аты тікелей аталуы мүмкін еді», — деп жазады басылым.
Еске сала кетсек, аты шулы Кексельдің ел есінде қалған алғашқы ірі тергеуі Ахметов ісі болатын. Серік Нығметұлына тағылған айып Қарағанды облысының әкімі қызметінде болған кезеңді қамтыған еді. Ахметов бұл қызметке дәл Нұрлан Нығматулиннен кейін барған.
Сот отырысында жиырма шақты адам Ахметовпен бірге айыпталды. Барлығы дерлік Қарағанды әкімдігі мен облыс әкімдігінің бұрынғы қызметкерлері еді. Экс-әкім Бауыржан Әбдішев бастаған бірқатар куәгер тергеушілердің өздеріне қысым көрсетіп, Ахметовке қарсы жалған мәлімет айтуға мәжбүрлегенін мәлімдегені есімізде. Бірақ сот бұған құлақ аспаған болатын.
Ақыры Ахметов төрт бап бойынша мүлікті заңсыз иемдену, кәсіпкерлікке заңсыз араласу, қызметін асыра пайдалану және кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру бойынша 10 жылға сотталған. Мемлекетке келтірген 2,5 млрд теңге шығынды өтеп, 2017 жылы ғана бостандыққа шыққан еді.
«Ал осы ауыр айыптаудың артында кім тұрғаны сол кезде-ақ жұртқа мәлім-тұғын. Ахметов пен Нығматулин арасындағы текетірестің тамыры тереңде жатыр. Әуелі Қарағанды комсомолының бірінші хатшысы қызметінде Ахметовті ауыстырған Нығматулин одан кейін де әртүрлі лауазымда өзінен бұрын Ахметов отырған креслоға жайғасып келді. 2000-жылдары бұл текетірес ашық сипатқа ие болып, тендерлік соғыстарға ұласты», — деп жазылған басылымда.
Текетірестің шырқау шыңы 2014 жыл. Сол кезде Ахметов премьер-министр қызметінен қорғаныс министріне төмендетіліп, ал Нығматулин дәл сол уақытта Президент әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалып, бүкіл елдегі кадрлық саясаттың тізгінін қолына алды.
Президент әкімшілігі қарапайым кеңсе емес. Ол елдегі барлық облыс әкімдерін, министрлер мен күштік құрылымдарды тағайындауға ықпал ететін ең құдіретті орган. Демек, сол сәтте Ахметовтің тағдыры шешіліп қойған болатын. Іле-шала Ахметов пен оның жақтастарына қарсы жемқорлыққа қатысты тергеу басталды.
Желідегі жұрт мұның астарында жемқорлықпен күрес емес, саяси және экономикалық ресурстар үшін жүрген «қарағандылық кланаралық» қақтығысты бірден таныған.
2022 жылы Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен соң, Нығматулин көпшілік назарынан тыс қалды. Сырттай «зейнетке шыққандай» көрінгенімен, оның ықпалы мен байланыстары әлі де мықты екені жасырын емес.
Бізге жеткен мәлімет бойынша ескі есептер жабылмаған жоқ, Нығматулин мен Ахметов арасындағы «қарағандылық дуэль» жаңа кезеңге өткен.
«Бір кездері Ахметовтің «тағдырына» ықпал еткен Нығматулин енді өзі қауіптеніп отыр. Ескі былықтардың өздігінен өшпейтінін, із-түссіз кетпейтінін ол жақсы түсінеді. Нығматулиннің басты үрейі атының ашық аталуы…
«Питерлік достар» да араша түсе алмайды: Қожамжаровтың жақын серіктері жаппай құрықталуда», — делінген кландар айқасы жайлы жарияланымда.
Фото: Жаңа Қазақстан