Қарағанды облысында қыркүйектің басынан бастап «Кітап оқитын ұлт» жобасы іске қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жазды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, рухани және мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі берік, болашағы баянды болады. Осы қағиданы басшылыққа алып, өңірде басталған жоба халқымызды бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға бағытталған.
«Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл бөліп отырғаны бекер емес. Мұның астарында ұлттық мұрат пен мемлекеттік мүдде жатыр. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтырғанда ғана рухани серпіліске, сапалы өрлеуге бет бұрамыз», – деді әкім орынбасары.
Әлібек Әлденей жобаның өңірде мәдени-ағартушылық сайыс ретінде басталғанын атап өтті. Республика бойынша пилоттық форматта тұңғыш рет қолға алынған бұл бастама алғашқы күндерінен-ақ толқыныс тудырған.
«Телефонға телміріп, әлеуметтік желіге шырмалған заманда халыққа кітап оқыту қиын болар ма деп алаңдадық. Алайда алғашқы күннен-ақ халықтан лег-легімен түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштер бұл күдікті сейілтті. Оқырманның ынтасы бар, тек дұрыс жол көрсетіп, мүмкіндік беру керек екен. Әр санат бойынша тіркелгендер саны күннен күнге артып барады. Бүгіннің өзінде 60 мыңнан астам адам тіркелді», – деді ол.
Жобаға қатысушылар аудан, қала, ауыл тұрғындары арқылы ресми парақшаларға тіркелуде: https://www.instagram.com/kitapoqitynult, сондай-ақ арнайы ашылған сайтта: https://reading-nation.kz/ru/. Бар ақпарат осы платформаларда жарияланады.
Қатысушылар саны бойынша көшбасшылар қатарында Қарағанды қаласы тұр. Шахтинск, Теміртау, Балқаш қалалары, сондай-ақ Шет, Бұхар жырау, Осакаровка, Нұра аудандары да намысты қолдан бермей отыр.
Жобаны ұйымдастыру жұмыстарына тәжірибелі ұстаздар мен тіл мамандарынан құралған Жобалық кеңсе жауапты. Олар өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткізуде. Әлібек Әлденейдің айтуынша, жалпы аяқ алыс жақсы, бастысы – санмен емес, сапамен мақсатқа жету.
«Жеңіп, жүлделі болудан бұрын, ең алдымен халықты кітап оқуға қызықтыру, дағды қалыптастыру басты міндет», – деді әкім орынбасары.
Ол сондай-ақ жобаны ұйымдастыруға атсалысқан «Кітап оқитын ұлт/Читающая нация» қоғамдық қорына, «AMANAT» партиясына, сондай-ақ қаржылай демеу көрсеткен Alageum және RGB компанияларына алғыс білдірді.
Әлібек Әлденейдің пікірінше, байқау елімізде дәстүрлі түрде өтіп, жалпыұлттық қозғалысқа айналса, Қазақстанда парасатты ой мен биік мәдениет үстемдік құрады, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады. Сол кезде ғана өркениетті қоғам құрып, алып мемлекеттермен тең дәрежеде дамуға мүмкіндік туады.


