Қалың жауған қардың салдарынан теміржолшылар тәулік бойы кезекшілікке шықты. Олар рекордтық жауған қарды тоқтаусыз аршып жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Кейбір учаскелердегі қар үйінділерінің биіктігі 3-4 метрге дейін жеткен. Өткен тәуліктің өзінде жол бойындағы қар құрсауымен күресу үшін 70 бірлік техника шығарылып, 2 мың қызметкер тартылды.
«1-7 ақпан аралығында 10 мың шақырымнан астам жол тазартылып, 114 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Қыс мезгілінің басынан бастап қар жинайтын жол машиналарымен 1 932 рейс орындалды, 500 мың текше метрге жуық қар массасы шығарылды», — деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Метеорологтардың мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанда қалың қар мен желдің күшеюі күтілуде, оның екпіні елдің солтүстігінде секундына 30 метрге жетеді. ҚТЖ жол қызметі магистральдық жолдарды тазалаудың тәулік бойы режимі ұйымдастырылғанын атап өтті.