Қаскелең қаласы мен Іргелі ауылы, Асыл Арман тұрғын үй кешеніне жарық беру тоқтатылды. 27 желтоқсан күні сағат 09:15-те Іргелі ауылдық округі мен Қаскелең қаласында «BeyAzhTrans» ЖШС-нің «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС алдындағы 390 752 771 теңге көлеміндегі қарызына байланысты электр қуаты ажыратылды.
Қара суықта жарықсыз қалған халықтың проблемасын әкімдік уақытша шешіп берді, деп хабарлайды Todayinfo.
Қарасай ауданы әкімдігі мәселені шешу үшін шұғыл шараларды қолға алып, АЖК АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде электр қуаты бір сағат ішінде толықтай қалпына келтірілді.
Электр қуатының үзілуінен туындаған салдарды азайту және алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысы ұйымдастырылмақ.
«Тұрғындардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және олардың түсіністік пен шыдамдылық танытқанына алғысымызды білдіреміз. Қалыптасқан жағдайды жою үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, сот тәртібімен «BeyAzhTrans» ЖШС-нің «Асыл Арман» және «Алтын Ауыл» тұрғын үй кешендерін электрмен жабдықтау, сондай-ақ Қарасай ауданының ауылдарын сумен жабдықтау мүлік кешенін жекешелендіруді тоқтату мәселесі қаралуда», — деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.