Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz
Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты.
Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтты.
– Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді.
Президент еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.
– Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды, – деді Президент.