Әрқайсымыздың құқығымыз тапталып, қауіпсіздігіміз қыл үстінде тұр. Анығын айтсақ, біз тұратын үйдің айналасын қоршай коммерциялық бағытта құрылыс нысандары салынып жатыр деген талдықорғандық тұрғындар үндеу жасады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.
«Балапанов 46\3-ші үйдің оң жағында әрқайсысы 200 шаршы метр болатын екі ғимарат салынып аяқталды. Олардың жанына тағы бір ғимарат салынатынын, ол жердің де иесі бар екенін сенімді дереккөздерден білдік. Ал, ол жер біздің үйдің тура оң жақ бүйірінде тұр. Үйіміздің сол жақ бүйірінде тақалып (үйден мүлде арақашықтығы жоқ) «Асель» азық-түлік дүкені орналасқан. Бұл аз болғандай, үйдің сол жағындағы ұлтарақтай жердің де өз қожайыны бар екені анықталды. Ол жерге келер жылы медициналық орталық салынады деп жоспарланған. Біздің үйдің ауласында, бізге қарама-қарсы бағытта 5 қабатты тұрғын үй орналасқан, бес жылдан бері салынып бітпеген ауламыз қазір өте тар, көлік тұрағы мүлде жетпейді. Қазір өз үйіміздің ауласына кіріп-шығу үлкен проблемаға айналды» дейді тұрғындар
Дәл қазіргі кезде аулаға кіретін жалғыз жол бар. Оның өзі айналадағы құрылыстың салдарынан қауіп төндіріп, ыңғайсыздық тудырып отыр. Айналаны коммерциялық мекемелермен қоршап тастайтын болса, өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем және т.б төтенше жағдайлар туындағанда көмекке келетін мекемелердің көліктері кіре алмайды, тұрғындарға көмек көрсету мүмкін болмайды.
«Осындай аргументтерді алға тарта отырып, біз сіздерден жағдайды мұқият тексеріп, мәселені кәсіпкерлердің емес, қарапайым тұрғындардың пайдасына шешіп берулеріңізді сұраймыз. Сонымен бірге, біздің құқығымыз бен қауіпсіздігімізге немқұрайлы қарап, жер телімдерін бөлшектеп сатып жіберген мекемелердің жұмысы тексеріліп, бізге ашық әрі нақты ақпарат берулеріңізді сұраймыз» дейді тұрғылықты халық.
Тұрғындардың негізгі сұрағы:
- Неге 9 қабатты Балапанов 46\3-тұрғын үйдің айналасындағы жер телімдерінің барлығы жеке меншікке өтіп кеткен? Қалай сатылды? Кім сатты? Не үшін сатты? Қаншаға сатылды?
- Жер телімдерін жеке меншікке бергенде неге үйдің ауласы, көлік тұрағы, кіріс-шығыс қақпасы есепке алынбаған?
- Тұрғын үй мен коммерциялық мекемелердің арақашықтығы неге сақталмаған? Кафе, ресторан, дүкендерден өрт шығатын болса, оның зардабы бізге тиеді. Неге осы мәселені ойламай, тұрғын үйдің айналасынан бір метр жер қалдырмастан жеке меншікке берілген?
Сонымен бірге, тұрғындар төмендегідей талап қойып отыр.
«Аталған жағдайдың барлығы осында тұратын тұрғындардың құқығын бұзу ғана емес, өмірлеріне қауіп төндіретін қылмыстық жағдай деп есептейміз. Осыған байланысты, біздің талабымыз:
- Балапанов 46\3 тұрғын үйдің сол жағындағы жер телімін (Медорталық салынады делінген) қала әкімшілігінің меншігіне қайтарып, сол жақтан біздің аулаға кіретін тағы бір жол салып және бізге көлік тұрағын жасап берулерін талап етеміз.
- Балапанов 46\3 тұрғын үйінің оң жағындағы жер теліміне де құрылыс нысанының салынбауын талап етеміз. Ол жерді де әкімдік меншігіне қайтарылып, абаттандыруды, демалыс орнына айналдыруды талап етеміз.
- Ауламыздың абаттандырылуын 2023-жылдың аяғына дейін аяқталуды талап етеміз.
- Қоқыс қаттау алаңын санитарлық талаптарға сай, абаттандырылған орнын бекітуді талап етеміз.
- Балалар алаңын бетонмен абаттандырғанға қарсымыз, балалар жарақат алуы мүмкін.
- Жол жөндеу жұмыстары тез аяқталып, құрылыс жұмыстарының тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудырмауын талап етеміз.»
Талабымыздың орындалуы үшін сотқа дейін барамыз дейді талдықорғандық тұрғындар.