ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Айдын Оразбаев қауіпсіздік ережесін елемеген қазақстандықтар суға батып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, биыл суға шомылу маусымы басталғалы бері ІІМ 10 мыңнан аса рейд жүргізген.
«Нәтижесінде рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен 2 мыңнан аса адам жауапқа тартылды. Ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас күйде жүрген 700-ден аса адам, ұзақ бұзақылық жасаған 400-ден аса адам заң алдында жауап берді. Полиция суға батып бара жатқан 14 адамды құтқарды», — деді Айдын Оразбаев.
Ол қазақстандықтарды су жағасына демалуға барғанда сақ болуға шақырды. Себебі, мұнда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау өте маңызды.
«Ішімдік ішіп, суға түспеңіздер, рұқсат етілмеген жерде шомылмаңыздар. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан адамдар суға батып жатыр», — деді басқарма басшысының орынбасары ІІМ-де өткен брифингте.
Еске салайық, бұған дейін биыл суға шомылу маусымы басталғалы бері 87 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кеткен.