Соңғы күндері әлеуметтік желіде елімізге белгілі продюсер Баян Алагөзова мен кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің қыздарының тұсаукесер тойы қызу талқыланып жатыр. Журналист әрі қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова олардың тойдағы образына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Баян кішкентай қыздарының туған күнін салтанатты түрде атап өтті. Әрине, «сыра королінің» қаржысы сән-салтанатты той жасауға жетеді. Бүлдіршіндер ұлттық киіммен көз тартса, ата-аналары да қазақы үлгіде киінген.
Дегенмен, дәстүрді ұстанғандай болып, оның мән-мағынасын сақтамағаны сынға ілікті. Әбенованың айтуынша, төрт қыздың анасы әрі үш немеренің әжесі Баян үкілі тақия тағып шыққан. Ал қазақ салтында үкілі тақия бойжеткен қыздарға тән бас киім, ал әйел адам бала туғаннан кейін кимешек киген. Кимешек – аналықтың, жастың, әлеуметтік мәртебенің символы.
Сын тек Баянға ғана емес, жолдасына да айтылды. Тұрсен Алагөзов ұлттық шапан кисе де, бас киімсіз болған. «Қарапайым тақияға шамасы жетпеді ме?» – деп сұрайды белсенді. Оның үстіне кәсіпкер шапанының артына өзінің тегін жаздырып, жұрт назарын аудартқан.
Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары екіге жарылды: бірі – дәстүрді қатаң ұстану қажет десе, енді бірі Баянның «мәңгілік қыз бейнесін» тренд ретінде қабылдауда.

