Qazaq Air әуе компаниясының Қостанай – Астана бағыты бойынша жоспарланған рейсі техникалық себептерге байланысты тоқтатылды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлаған, деп жазады Todayinfo.
Оқиға 11 қазан күні Қостанай әуежайында ұшу алдындағы сәтте болған. Ұшақтың шассиінен от тұтанған. Ақау тіркелгеннен кейін экипаж ұшуды дереу тоқтатқан.
Авиакомпания өкілдері бұл жағдайға байланысты техникалық мамандардың арнайы тобы Қостанайға жіберілгенін мәлімдеді. Қазір әуе кемесіне толық тексеру жүргізіліп жатыр.
«Тексеру нәтижесінде анықталған деректер әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ескеріледі», – деп атап өтті компания баспасөз қызметі.
Qazaq Air жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсеткенін хабарлады. Оларға қонақүйге орналастыру, билеттердің ақшасын толық қайтару немесе басқа рейстерге ауыстыру мүмкіндігі ұсынылған.
Фото:скрин