Фото: Аида Басаева/facebook
Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері Юрий Аравин өмірден озды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
— Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Петрович Аравин өмірден озды. Қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтамын. Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияның бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыны жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді, — деп жазды министр Facebook парақшасында.
Оның атап өтуінше, Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламасын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты.
— Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, — деді Аида Балаева.