Белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы Оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс айтты. Ол Жасанды интеллект әліппесін мектептерге таратуды ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo.
«Осы кітапты Оқу-ағарту министрлігінің сарапшылары қарап шығып, қосар-алар тұстары болса, автормен жұмыс істеп, мектептерге тарату керек. Ары қарай, басымыз жетпегенін информатик әріптестерден сұрап жүріп, үйреніп аламыз», -деді педагог.
Еске салайық, жасанды интеллект бойынша қазақтың алғашқы әліппесі ретінде белгілі журналист Мейіржан Әуелбекұлының кітабы шықты. Журналист жасанды интеллект тақырыбында соңғы 4-5 жыл үздіксіз ізденген.
«Ағылшын тілінде Trailblazer дейтін тамаша сөз бар…Қазақшасы мұзжарғыш деуге келетін шығар. Алдарыңыздағы мұзжарғыштың аты — Мейіржан Әуелханұлы. Бүгін тұтас бір ұлттың даму траекториясын өзгертіп, кейінгі буын үшін айқын бағдар болатын маңызды қадам жасалды. Мейіржанның «Жасанды интеллект әліппесі» дейтін туындысы қалың орман қазақ аудиториясына жол тартты.
Бұл қатардағы көп кітаптың бірі емес, ЖИ-ді күнделікті өмірде пайдалануға үйрететін маңызды интеллектуалды құрал. Тұтас адамзаттың өмір салтын, ойлау жүйесін өзгерткен жасанды зердені ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеген Мейіржанның мақсаты — қазақтарды технологиялық көштен қалдырмау.
Біле білсек, цифрлық ғасырда қазақтілді оқырманды жасанды интеллектпен жақынырақ таныстыру, интеллектуалды танымын кеңейту үлкен ағартушылық жұмыс», -деп жазды журналист Думан Бықай.
Мейіржан Әуелханқлы, осы кітапты жазу арқылы қазақ тілінің иірімі кең, икемі мол екенін, техниканың да, ғылымның да тілі бола алатынын көрсетіп отыр. Жасанды интеллектіні қазақ тілінде түсіндірудің өзі жаңа ұғымдарды қазақша ойлай алатын, әлемдік интеллектуалды кеңістікке қазақша ат қоятын тұлғалардың қалыптасып келе жатқанының белгісі.
«Мейіржанның кітабында интеллектуалды пайым, көркем тіл, түсінікті аналогиялар бәрі-бәрі бар. ЖИ дейтін құбылысты ұлттық контексте ұсынып, ой-өрісімізбен үйлестіре жеткізген екен. Автор осы арқылы қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтті, тың терминдерді айналымға енгізіп, қазақтілді технократ орта қалыптастыруға алғашқы қадам жасады деуге толық негіз бар», -деді ол.
Кітаптың Алматыдағы тұсаукесері 11 наурызда, сағат 14:00-де Байзақов көшесі, 280, Smart Point, Smart Space залында өтеді. БАҚ өкілдері үшін байланыс нөмірі: +7 700 973 20 01