Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы жылдары қазақстандық кино саласының дамуына қоғамның қызығушылығы артқанын атап өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұқаралық ақпарат құралдарынан түрлі бағыттағы сұрақтар жиі түседі. Сол сауалдардың бір бөлігі – кино саласына қатысты. Бұл қазақстандықтардың ұлттық мәдениет пен отандық киноға бейжай қарамайтынын көрсетеді», — деді министр.
Кейінгі жылдары көрерменнің, соның ішінде шетелдік аудиторияның да қазақ фильмдеріне қызығушылығы артып келеді.
«Тек 2024 жылдың өзінде отандық фильмдер прокаттан жиырма екі миллиард теңгеден астам табыс тапты»,- деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, министр атап өткендей, біздің картиналар халықаралық байқауларда жиі жеңіске жетіп келеді. Соңғы бес жылда отандық фильмдер үш жүзден астам фестивальге қатысып, жүз жетпіс жеті марапатқа ие болған.
Биыл Қазақстан алғаш рет Канн қаласында өткен Marché du Film кинонарығында өз стендін ұсынды. Министрдің айтуынша, бұл – отандық продюсерлер мен дистрибьюторлар үшін үлкен жетістік.
«Сонымен қатар біз «Еуразия» халықаралық кинофестивалін қайта жаңғырттық. Бұл нақты қадамдардың бірі», — деп қосып өтті ол.
Алайда министр үшін фильмдердің тек шетелдік фестивальдарға ғана емес, өз көрерменіне жетуі маңызды. Биыл еліміздің кинотеатрларында «Тезек», «Фейковый Арман», «Қайтадан» секілді 10 отандық фильм көрсетілді. Солардың ішінде «Қайтадан» фильмі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тауып, мемлекет салған қаражатты толық қайтарды.
«Бұл – кино саласында жаңғыртудағы бағытымыздың дұрыс екенінің дәлелі», — деді Аида Балаева.
Министр атап өткендей, көрермен көбіне жеңіл жанрдағы фильмдерді таңдап, авторлық туындыларды аз қарайды.
«Сондықтан жобаларды іріктеу кезінде біз идея мен сценарийден бөлек, фильмнің көрерменге қаншалықты қызық болатынына да мән береміз», — деді ол.
2024 жылдан бастап мемлекет қолдау көрсеткен әрбір фильм алдымен ел кинотеатрларында көрсетілуге тиіс деген міндетті шарт енгізілді.
«Тек содан кейін ғана онлайн-платформаларға шығады. Бұл шешім фильмдердің қолжетімділігін арттырып, көрерменмен байланыс орнатуға мүмкіндік береді», — деді министр.
Министр тарихи және патриоттық бағыттағы жобаларды тұрақты түрде қолдайтындарын да атап өтті. Мысалы, жуырда жарық көрген «Капитан Байтасов» фильмі – ерлік, намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында ой салады. Сондай-ақ, «Әлия» фильмі де алдағы уақытта көрерменге жол тартады.
«Бұл идея міндетті түрде жүзеге асады», — деді Аида Балаева.
Кино өндірісін ашық әрі заманға сай ету мақсатында «е-Кино» цифрлық платформасы құрылып жатыр. Онда фильмдердің түсірілімі, табысы, көрермен саны сияқты барлық дерек жиналады.
Министрдің айтуынша, «бүгінде еліміздегі кинотеатрлардың жартысы осы жүйеге қосылды, жұмыс жалғасуда».
Нақты өзгерістер өз нәтижесін бере бастады.
«Мемлекет қолдауына ие болған 57 жобаның 40-ы – жас режиссерлердің жұмысы, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 75 пайызға жетті», — деді министр.
Сонымен қатар, кинематография туралы заңға енгізілген түзетулер арқылы қаржыландырудың 30 пайызы тікелей «Қазақфильм» киностудиясына бөлінеді.
Министр «Қазақфильмнің» техникалық мүмкіндіктерін арттырып, ұлттық кино қорын цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, «Қазақанимация» жобасы іске қосылып, анимацияны креативті индустрияның бөлігі ретінде дамыту тұжырымдамасы әзірленді.
«Біздің міндетіміз – шығармашылық еркіндікке жағдай жасау және автор мен көрермен арасында сенімді диалог орнату», — деді Аида Балаева.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі келетін сұрақтардың бірі – Рүстем Омаровтың «Офсайд» сериалының YouTube-тен өшірілуі мен автордың Instagram парақшасының бұғатталуы болды. Министр бұл жағдай жеке, нақты бір аккаунтқа қатысты екенін атап өтті.
«Мұндай кезде аккаунт иесі өз бетімен онлайн-платформаның әкімшілігіне хабарласып, парақшаны қалпына келтіруі мүмкін», — деді ол.
Сонымен қатар, отандық онлайн-сериалдар мен бейнежобаларда әдепсіз сөздердің қолданылуына қатысты да сұрақтар көтерілген. Министр қазіргі заңнамада мұндай әрекет үшін нақты жауапкершілік белгіленгенін еске салды.
«Биыл елуден астам құқықбұзушылық анықталып, Ішкі істер министрлігіне хабарлама жолданды», — деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, қазақстандық кино мен медиа саласы ашықтық, шығармашылық еркіндік және көрерменге деген жауапкершілік негізінде дамуы тиіс.
«Бірлескен жұмыстар нәтижесінде отандық кино бұдан да биік белестерді бағындыра береді», — деп сөзін қорытындылады Аида Балаева.

