Мектеп директоры Түркияда мұғалімді зорламақ болған. Әріптес әйелді зорламақ болған Қазақстан азаматы енді ұзақ жылға сотталып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Ыстанбұл қаласында халықаралық жекеменшік мектептің директоры қызметін атқарған Қазақстан азаматы өз әріптесін зорламақ болғаны туралы хабар күллі Түркияға тарады. Жергілікті TGRTHaber басылымының мәліметінше, оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында Ыстанбұлдың Сарыер ауданында тіркелген. Айыпталып отырған 42 жастағы Қазақстанның азаматы. Ол беделді халықаралық мектептің директоры қызметін атқарған. Ал жәбірленуші – сол оқу орнында дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін 39 жастағы әйел.
Жәбірленушінің сөзінше, сол күні таңертең директор құжаттарды бірге қарап шығуды сылтауратып оның кабинетіне кірген. Әуелде компьютердегі қағаздарды қарап шыққан соң, қасына отырып сөзбен мазалай бастаған. Әйел жауап қатпаған кезде, ер адам денесіне қол жүгірткен.
«Алдымен кеудемді бір қолымен басты. Қарсылық білдіріп, алыстай бергенімде екінші рет қатты қысып жіберді. Осы кезде оны итеріп жібермек болдым, бірақ бір сәтте көзім қарауытып, есімнен танып қалдым», – делінген жәбірленушінің прокуратураға жазған шағымында.
Жәбірленуші оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген. Сот-медициналық сараптама оның денесінде физикалық зорлық белгілері барын растаған – кеуде тұсында қызару мен қысым іздері анықталған. Барлық деректер – дәрігерлік қорытынды, куәгерлердің жауабы мен арыз – Түркия прокуратурасына тапсырылды. Алайда күдікті мектеп директоры өзіне тағылған айыпты мойындамай, жәбірленушіге «қол да тигізген жоқпын» деп ақталуда. Тергеу барысында ол аудармашының көмегіне жүгінген. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу аяқталған. Сот қазақстандық жігіттің айыбын дәлелдесе директор ұзақ жылға түрмеге қамалып кетуі мүмкін.