Фото: Абай ақпарат
Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметіне елімізге танымал спортшы, “Қазақстан барысы” турнирінің екі дүркін чемпионы Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Айбек Нұғымаров 1987 жылдың 3 маусымында Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Ол Семей политехникалық колледжінде «Заңгер» мамандығын, Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Дене шынықтыру және спорт» бағыты бойынша білім алған.
Кейін Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде «Құқықтану» мамандығын тәмамдаған. Артынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құқықтану магистратурасында білімін жоғарлатты.
Спортшының еңбек жолы 2010 жылы Семей қаласындағы Олимпиадалық резервтегі №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы қызметінен басталған. 2013–2019 жылдары ол ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты бұқаралық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға нұсқаушы-әдіскер болып еңбек етті. 2019 жылдан бері Семей қаласындағы “Көлік колледжін” басқарған.
Айбек Нұғымаров — қазақ күресі, дзюдо жәнә самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Ол — он мәрте ел чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, үш дүркін әлем кубогінде топ жарған. Бұған қоса төрт рет әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Сондай-ақ, «Еуразия Барысы» турнирінің төрт мәрте жеңімпазы, «Қазақстан Барысы» және «Әлем Барысы» додаларының бірнеше дүркін чемпионы.
Айбек Серікболұлы қоғамдық және саяси салада да белсенді. Ол «AMANAT» партиясының саяси кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар VII мен VIII шақырылымдағы Абай облыстық мәслихат депутаты ретінде қызмет атқарған.

