Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі Америка Құрама Штаттарының миграциялық саясатындағы қатаң өзгерістерге байланысты АҚШ аумағында заңсыз жүрген азаматтарға арнайы ескерту жасады.
АҚШ миграциялық саясатының қатаңдатылуы
АҚШ шекара қауіпсіздігін күшейтіп, заңсыз миграцияны азайту мақсатында келесі шараларды қолға алды:
- Қамауға алу және елден шығару: Визасыз немесе құжатсыз жүрген мигранттарға қатысты елден шығару шаралары күшейтілуде.
- Әлеуметтік жеңілдіктерді шектеу: Жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар, әлеуметтік көмек және басқа да жеңілдіктер алып тасталады.
- Елден өз еркімен кету: Заңсыз жүрген шетелдіктерге АҚШ аумағынан ерікті түрде кетуге мүмкіндік берілуде. Бұл болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде кіруге тыйым салу қаупін азайтады.
Жаңа ережелер
- «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді.
Мигранттар мен баспана сұраушылар сотқа шақырту алғанға дейін Мексикада қалуға міндетті. - «Ұста да жібер» шарасы тоқтатылды.
Заңсыз шекарадан өткендер арнайы орталықтарға қамалады немесе бірден елдеріне қайтарылады. - «CBP One» мобильдік қосымшасы тоқтатылды.
Бұл қосымша АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастыру үшін қолданылған болатын.
АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарына ұсыныстар
Қазақстан азаматтарына АҚШ миграциялық заңнамасындағы өзгерістерді ресми ақпарат көздерінен бақылап отыру ұсынылады:
- АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);
- АҚШ Мемлекеттік департаменті — Консулдық мәселелер бюросы.
Төтенше жағдайларда келесі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
- Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 (ішкі 127, 109, 121);
- Нью-Йорктегі Бас консулдық: +1 332 207 9632;
- Сан-Францискодағы Бас консулдық: +1 650 741 8894.