Олжас Бектенов пен Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Todayinfo.
Сауда-саттық, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту шаралары талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен ҚХР арасындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықтың даму қарқынына оң баға берді. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында екіжақты сауда көлемі 33 млрд долларды құрады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ірі сауда әріптесіміз Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары «алтын 30 жылдықтың» кезекті кезеңіне Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосымша серпін берді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара тауар айналымын арттыруға ниеттіміз. Қазақстан Үкіметі өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қытаймен толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Қазақстан сауда айналымы ауқымын арттыруға және құрылымын, оның ішінде қосылған құны бар өнім есебінен оңтайландыруға дайын екенін атап өтті. Мәселе құны 1,6 млрд долларды құрайтын 180 өнім түрі туралы болып отыр. Негізінен, металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салаларының бұйымдарын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар.