Фото: gov.kz
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы ҚР мен РФ-ның біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
— Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелері өзара қатар жұмыс жасайды. Келісімнің мақсаты — тараптардың өзара қарым-қатынасын рәсімдеу және негізгі шарттарды айқындау. Соңғы жылдары елімізде электр қуатының тапшылығы байқалады, осыған байланысты Қазақстан мен Ресей энерго жүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғая түсті, яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып түсті. Кейде электр қуатының ауытқуы 1500 МВт-қа дейін жетті. Осыған орай Ресей тарапы 2021 жылғы 15 қарашада екі елдің Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 20 қарашадағы біріңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді өзектендіру мәселесі көтерілді, — деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда министр Қазақстан мен Ресейдің арасындағы біртұтас энергетикалық жүйе туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынып отыр.
— Екі елдің энергетика министрліктері мен мүдделі органдардың қатысуымен талқылаулар мен келіссөздер шеңберінде және бірлескен жұмыс тобы аясында Қазақстан мен Ресей энергожүйесінің қатар жұмыс істеуіне байланысты мәселелерді реттеу жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. Екі ел мамандарының келіссөздері барысында келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттама жобасының барлық даулы мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізілді, — дейді ол.
Сондай-ақ энергетика министрі екіжақты келісімге тиісті түзетулер әзірленгенін айтты.
— Атап айтқанда Ресей тарапының талаптарын барынша азайту және Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесін қорғау қамтамасыз етілді. Оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен аккредиттелген ұйымдардың оң сараптамалық қорытындылары алынды. Оның қорытындысы бойынша 2023 жылғы 9 қарашада екі елдің энергетика министрліктері арасында келісімге қол қойылды, — деп толықтырды А. Сәтқалиев.
Ақпарат көзі: KAZINFORM