Қазақстанның 18 өңірінен келген жоғары сынып оқушылары үшін Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бас директоры Болатбек Айтбаев кәсіби бағдар беру бойынша онлайн-кездесу өткізді. Шараға оқушылармен бірге олардың ата-аналары да қатысты. ZOOM платформасында өткен кездесуге 4 000-нан астам оқушы қосылды. Ал Алматы қаласынан 300-ге жуық оқушы арнайы дәрісті онлайн тыңдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Болатбек Қобланбекұлы қатысушыларды университет факультеттерімен және мамандықтарымен, 2025-2026 оқу жылындағы қабылдау ережелерімен, “Көлік құрылысы” мамандығына бөлінген мемлекеттік гранттар санымен, оқу шарттарымен және мансаптық өсу мүмкіндіктерімен таныстырды. Сондай-ақ, түлектерді жұмысқа орналастыру перспективалары мен студенттердің өзін-өзі дамыту жолдарына ерекше тоқталды.
Автожол саласында білім алудың артықшылықтары
Кездесу барысында түлектер Қазақстандағы автожол саласына маманданған жоғары оқу орындарында білім алудың артықшылықтарын білуге мүмкіндік алды. 2024-2025 оқу жылына мемлекет тарапынан “Көлік құрылысы” білім беру бағдарламасына 700-ден астам грант бөлінді. Бұл мамандыққа түсу үшін ҰБТ-дағы профильдік пәндер – математика және физика болып табылады, ал шекті балл – 50.
Студенттерге арналған өндірістік тәжірибе және жұмысқа орналасу мүмкіндігі
Ұлттық жол активтері сапасы орталығы құрылған кезден бастап жастармен белсенді кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді.
- Орталық базасында студенттер үшін ақылы өндірістік тәжірибе ұйымдастырылған (80 000 тг/ай).
- Бүгінге дейін 243 студент тәжірибеден өтті, оның 19-ы орталықта жұмысқа орналастырылды.
- Орталық мамандары 7 500-ден астам кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
- Астана және Алматы қалаларындағы РФММ, BINOM SCHOOL мектептерімен меморандум жасалған.
- Орталықтың зертханаларында мектеп оқушылары үшін Ашық есік күндері өткізіліп, жол сапасын тексеру әдістері іс жүзінде көрсетіледі.
Бұл шаралар Қазақстан жастарын автожол саласына тарту, олардың кәсіби дамуын қолдау және елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу мақсатында жүзеге асырылып отыр.