Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік байланысы жөніндегі инвесторлар форумының жабылуында сөз сөйлеп, ЕО мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің келешегі зор екенін атап өтті. Брюссельде Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы көлік байланысына арналған екі күндік инвесторлар форумы аяқталды.
Сейсенбі күні шараның жабылу салтанатында Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас сөз сөйледі.
«Орталық Азиядағы көлік байланысы жөніндегі «Global Gateway» (Жаһандық портал) инвесторлар форумын жабу – мен үшін үлкен мәртебе. Біз Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы өршіл және өзара тиімді серіктестіктің одан әрі дамуын асыға күтеміз», – деді М.Схинас.
Бұдан басқа, Еурокомиссияның вице-президенті Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті түсініктемесінде Инвесторлар форумының идеясы – идеяларды іске асыру, көлік сабақтастығын ілгерілету екенін атап өтті.
«Осы тамаша идеялардың барлығы зерттеуді, инвестицияны, ақшаны қажет етеді. Бұл шараның мақсаты – үкіметті, инвесторларды, ұлттық және халықаралық институттарды біріктіру. Бұл шараға серіктестеріміздің белсенді қатысқанына қуаныштымыз. Мұның перспективалы мәні бар», – деп атап өтті М.Схинас.
ЕК вице-президенті сондай-ақ Орталық Азияның әлемде мәні артып келе жатқанын да атап өтті. Оның пікірінше, аймақ тұрақсыз әлемдегі тұрақтылық, қауіпсіздік және өсу орталығына айналып келеді.
«Қазақстанның артықшылығы – Орталық Азиядағы бес мемлекеттің арасында экономикасы ең жақсы дамып келе жатқан ең ірі мемлекет болуында. Бізде ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара әріптестіктің келешегі зор», – деп түйіндеді сөзін М.Схинас.