Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты Қазақстан өзін делдал ретінде көрсетпейтінін және бұл рөлге ұмтылмайтынын айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Мемлекет басшысы пікірін былай жеткізді:
«Екі тарап та даулы мәселелер бойынша диалогты тікелей, екіжақты форматта және әртүрлі деңгейде жүргізе алады. „Украина дағдарысы“ өте күрделі, оны қарапайымдандыруға болмайды. Әскери іс-қимылдар жалғасқан сайын территориялық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси мәселелер қордаланып жатыр. Әрине, басты әрі ең қиын мәселе – территория. Көптеген пікір бар, соның ішінде „экзотикалық“ көзқарастар да кездеседі. Соған қарамастан, келіссөздерді жалғастыру қажет. Бұл туралы мен БҰҰ Бас ассамблеясында да айттым».
Президенттің сөзінше, егер Ресей мен Украина басшылары Қазақстанда келіссөздер өткізуге дайын болса, ел тарапынан барлық жағдай жасалады. Алайда ол «соғыс тоқтамай, күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша келісімге қол жеткізбей, жоғары деңгейдегі кездесуден нақты нәтиже күту шынайы емес» екенін атап өтті.
Контекст
- 
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский келіссөздерді Қазақстанда өткізу мүмкіндігін айтқан еді. 
- 
Алайда Кремль өкілі Дмитрий Песков Мәскеуді ең қолайлы алаң деп атады. Оның сөзінше, Киев ұсынған Швейцария мен Австрия Ресей үшін «бейтарап емес». 
- 
Өз кезегінде Владимир Путин де Мәскеуді «ең жақсы орын» деп атап, украин делегациясына қауіпсіздік пен барлық жағдай қамтамасыз етілетінін жеткізген. Бірақ Зеленский бұл нұсқаны қабылдамай, оны «соғыс жүріп жатқан кезде Киевте саммит өткізуді ұсынумен тең» деп бағалады. 
Нью-Йорктегі кездесу
БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Тоқаев пен Зеленский жүздесіп, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ соғысты тоқтату жолдарын талқылады. Украина президенті Қазақстанға егемендік пен аумақтық тұтастықты қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Фото: Ақорда


