Алтай кеденінің мобильді тобы Ресейге Қазақстаннан әкеле жатқан ірі көлемдегі украин шоколадын кіргізуге тыйым салды, деп хабарлайды Todayinfo.kz «Осторожно Media» басылымына сілтеме жасап.
Кеденшілер тексеру үшін Қазақстаннан Ресейге бет алған жүк көлігін тоқтатқан. Көлік қорабынан 372 картон қорапқа салынған, жалпы салмағы 714 килограмм болатын Украинаның кондитерлік фабрикасында өндірілген плиткалы шоколад табылған.
«Бұл өнім санкцияға іліккен, оны ел аумағына әкелуге тыйым салынған», – делінген ресми хабарламада.
Жүк кері қайтарылды
Нәтижесінде, кеден қызметкерлері жүк көлігі мен тауарды толығымен жөнелтушіге (Қазақстанға) кері қайтарды.
Қазіргі уақытта Ресейдің Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 16.3-бабы («Тыйымдар мен шектеулерді сақтамау») бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, қыркүйек айының соңында да Қазақстан мен Ресей шекарасында жүк көліктерінің кептелісі пайда болып, оның себебін Ресей кедені түсіндірген болатын.

