Toppress.kz редакциясы Қазақстандағы жол құрылысының барлық кезеңдері, саладағы мәселелер мен оның болашағы туралы қазақстандық мамандар мен сарапшылардың қатысуымен мақалалар циклын жалғастырады. Бүгін біз жолдың қандай элементтерден тұратынын, автожол салу қаншаға түсетінін және бір шақырым жолды салуға неліктен кемінде бір миллиард теңге жұмсалатынын айтып береміз.
Автомобиль жолы қандай элементтерден тұрады?
Автомобиль жолы жол жабындысынан; көпірлер, өткелдер, эстакадалар, тоннельдер сияқты жасанды құрылымдардан; қорғаныс құрылғыларынан; жол жабдықтары элементтерінен (жол белгілері, бағдаршамдар, жол таңбалары, қоршаулар, жарықтандыру); автокөліктерге қызмет көрсету құрылымдарынан (ЖҚС, қызмет көрсету пункттері, диспетчерлік пункттер); жолаушыларға қызмет көрсету құрылымдарынан (аялдамалар, кемпингтер, тамақтану орындары) тұрады. Мамандардың айтуынша, жаңа жол бөлігін салу кезінде автокөлік қозғалысын, материалдарды жеткізу мен арнайы техниканың өтуін қамтамасыз ету үшін уақытша айналма жол салу қажет болады.
Жол жабындысы – жолдың ең қымбат элементтерінің бірі. Бұл автокөлік жүктемесін қабылдап, оны жерге тарататын көп қабатты конструкция. Жол жабындысы қатты және қатты емес деп бөлінеді. Қатты жабындыға цементбетон жабындылары (мысалы, Астана-Бурабай, Астана-Теміртау, Астана-Павлодар трассалары) жатады. Қатты емес жабындыға цемент пен бетон қолданылмайтын, көбінесе асфальт пайдаланылатын жол жабындысы жатады.
Жол жабындысы техникалық жүктемеге байланысты әртүрлі қалыңдықтағы келесі қабаттардан тұрады:
- Негізгі топырақ – мұқият нығыздалған жер қабаты;
- Ылғалға төзімді қосымша негіз қабаты – аязға төзімділік пен дренажды қамтамасыз ету үшін;
- Негіз – қиыршық тас немесе топырақтан жасалған берік қабат;
- Жабынды – көлік құралдары мен климаттық факторлар әсерін қабылдайтын ең берік үстіңгі қабат.
Бір шақырым жолдың бағасы қанша?
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ редакция сұрауына берген жауабында құрылыс-монтаж жұмыстарының құны автомобиль жолының жобаланған техникалық санатына байланысты екенін айтты.
«Екі жолақты қозғалысқа арналған (ІІ техникалық санаттағы) жолды реконструкциялау кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарының бағасы шамамен бір шақырымына 800 миллион теңге. Ал төрт жолақты (І техникалық санаттағы) жолды реконструкциялау кезінде бір шақырымның құны шамамен 2,1 миллиард теңгені құрайды», – деп хабарлады ұлттық компания.
Бұл сомаға жер жұмыстарынан бастап асфальтбетон жабынын төсеуге дейінгі барлық жұмыстар кіреді. Бұдан бөлек, көпірлер мен өткелдердің құрылысы, жол жабдықтары (қоршаулар, белгілер, жарықтандыру), қолданыстағы инженерлік коммуникацияларды көшіру, жобалау және инжиниринг қызметтері де есепке алынған.
Неліктен жол құрылысы қымбат тұрады?
Сарапшылардың айтуынша, жол құрылысының қымбат болуына технологиялық процестің күрделілігі себеп.
«Құрылыс жұмыстары басталмас бұрын жерді зерттеп, жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, сараптамадан өткізу керек. Сондай-ақ түрлі қызметтермен келісу қажет. Мысалы, болашақ жолдың бойында электр желілері болса, бұл мәселені KEGOC компаниясы мен тиісті министрлікпен келісу керек. Мұндай жайттар өте көп», – дейді жол белсендісі Азамат Мусилов.
Оның айтуынша, жол салу тек асфальт төсеумен ғана шектелмейді. Бұл – жолдың барлық қабаттарын төсеу, қорғаныс құрылыстарын орнату, уақытша айналма жолды салу сияқты толық кешенді қамтиды.
Қазақстанның Ұлттық инженерлер мен кеңесшілер қауымдастығы мамандарының айтуынша, құрылыс учаскесінің қалалар мен аудан орталықтарынан қашықтығы да жұмыстардың құнына әсер етеді.
«Техниканы, материалдарды тасымалдау, жұмысшылардың тұруын ұйымдастыру – мұның бәрі шығын. 100 шақырым жол салуға 800-ден 1500-ге дейін адам қажет», – дейді мамандар.
Қауымдастық жол құрылысы материалдарының бағасы да құнға әсер ететінін айтты.
«Жол құрылысындағы ең қымбат материал – жол битумы. Бұл асфальтбетон қоспалары үшін таптырмас материал және жалпы шығындардың жартысын құрайды. Оның бағасы жыл сайын өсіп келеді», – деп қорытындылады сарапшылар.