Америкалық әйгілі әнші, актриса Дженнифер Лопес осы жазда Қазақстанда екі қалада – Астана мен Алматыда концерт өткізетіні белгілі болды. Бұл туралы «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«10 тамыз күні Алматыда Дженнифер Лопестің Қазақстандағы екінші концерті өтеді», – деп жазды Сәтжан өз парақшасында.
Лопестің алғашқы концерті 1 тамыз күні Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтпек. Бұл — оның «Up All Night» атты әлемдік турнесі аясындағы шоуының Орталық Азиядағы алғашқы көрсетілімі болмақ.
Үкімет отырысында бұл жоба ел үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін тарихи оқиға ретінде бағаланды.
«Бұл концерт толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады», – деді Мәлік Хасенов.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, шетелден 15 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде:
HoReCa жүйесіне (қонақ үй, мейрамхана және қызмет көрсету салаларына) шамамен 6,5 млрд теңге көлемінде пайда,
400 млн теңгеден астам салық түсімі әкеледі деп жоспарлануда.