Фото: Aeroht.com
Көлік министрлігі қалааралық жолаушылар тасымалдайтын аэромобильдерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді,
Аэромобиль дегеніміз не?
Министрдің айтуынша, аэромобиль – бұл сутек отынымен жұмыс істейтін шағын тікұшақ. Ол бес жолаушыға дейін тасымалдай алады. Мұндай технологиялар қазір Оңтүстік Корея мен АҚШ-та қарқынды дамып келеді.
«Былтыр Оңтүстік Кореяда Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін аэромобильмен жолаушы тасымалдау мәселесі талқыланды. Қазақстандық компаниялардың бірі осы салаға қызығушылық танытып, жобаны елімізде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Қарабаев Үкімет отырысында.
Алғашқы бағыт – Алматыдан Алатауға дейін
Министрдің мәлімдеуінше, пилоттық жоба 2026 жылдың алғашқы жартысында іске қосылады. Алғашқы кезеңде аэромобильдер Алматыдан Алатау қаласына жолаушылар тасымалдайды.
Бұл жоба еліміздің көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, қалааралық қатынасты жеңілдетуі мүмкін.