Жыл сайын дүние жүзінде жатыр мойны обырының (ЖМО) 600 000-нан астам жаңа жағдайлары анықталады және 300 000-нан астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Қазақстанда жылына жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы тіркеліп, жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады, деп хабарлайды Todayinfo.
Жатыр мойны обырының пайда болу себептері: ЖМО – әлемдегі әйелдерде жиі кездесетін төртінші қатерлі ісік түрі. Қазақстанда статистика одан да сорақы – ЖМО әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында – сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. ЖМО пайда болуының негізгі себебі — адам папиллома вирусы инфекциясы АПВ (адам папиллома вирусы) — вирустың 200-ге жуық түрін қамтитын топтың атауы.
Статистикаға сәйкес, 10 адамның 8-і өмір бойы АПВ жұқтырады. АПВ адамның шырышты қабатының терең қабаттарына енеді. Ғалымдар онкогендік қаупі жоғары және қатерлі ісікке әкелуі мүмкін АПВ-ға жататын кем дегенде 14 түрін анықтады. Олардың екеуі, АПВ16 және АПВ18, бүкіл әлем бойынша жатыр мойны обырының 71% жағдайына жауап береді.
“АПВ жұқтырған адамнан организмнің инфекция түскен терісімен, шырышты қабаттарымен және дене сұйықтықтарымен тікелей жанасу арқылы беріледі. Тұрмыстық жанасу жолы арқылы – АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымдар арқылы беріледі. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан сауналар, моншалар, спорт залдар, дәретханалар мен бассейндер сияқты қоғамдық орындарға барғанда абай болу керек. Жыныс жолы арқылы – бұл жыныстық қатынас кезінде немесе жыныс мүшелеріне тиген кезде жұқтырылған аймақпен кез-келген байланыс болуы мүмкін. АПВ жағдайында, мүшеқаптар толық қорғауды қамтамасыз етпейді, өйткені олар жыныс мүшелерінің барлық терісін қамтымайды. Босанған кезде тікелей берілу жолымен – вирус анадан сәбиге босану кезінде беріледі. Өзін – өзі жұқтыру арқылы – АПВ тырнақ астында ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, яғни адам инфекцияны алып, өзін жұқтыруы мүмкін. АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші жеріне жиі ауысады”,- деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
ЖМО-ны ерте анықтап, емдеуді дереу бастау арқылы емдеуге болады. Сондықтан Қазақстанда 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін жеке скринингтік тексеру жүргізіледі. Скринингтерден басқа, 135-тен астам елде АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіледі. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Швеция және басқа елдердің тәжірибесі вакцинациядан кейін жатыр мойны обырының төмендеуін көрсетеді.
Қазақстанда 2024 жылдың күзінде АПВ-ға қарсы ерікті вакцинациялауды бастау жоспарлануда. Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцина ата-анасынан немесе қамқоршыларынан рұқсат алынғаннан кейін 11 жастағы қыздарға енгізіледі.