Салық реформасы аясында қазақстандықтарды «мүлік салығы» туралы сұрақ жиі мазалайды. Бұл – сіздің меншігіңіздегі пәтер, үй, жер немесе гараж үшін мемлекетке төленетін жыл сайынғы міндетті төлем. Мемлекеттік кірістер комитетімен (МКК) бірлесіп, осы салықтың кімге қатысты екенін, оны қалай есептеу керектігін және төлеу мерзімдерін қарапайым тілмен түсіндіреміз.
Мүлік салығы дегеніміз не және оған не жатады?
Қарапайым тілмен айтқанда, мүлік салығы – бұл жылжымайтын мүлікке иелік еткеніңіз үшін төленетін міндетті алым. Егер сіздің атыңызда келесі нысандардың бірі болса, сіз салық төлеуші болып табыласыз:
- Пәтер, бөлме
 - Тұрғын үй (үй, коттедж)
 - Саяжай ғимараттары
 - Гараж және тұрақ орны
 - Қойма, жертөле, қосалқы құрылыстар
 - Осы ғимараттардың астындағы және оған іргелес жер учаскелері
 
Қазақстанда мүлік салығын кімдер төлейді?
Қазақстанда меншік құқығында жоғарыда аталған жылжымайтын мүлік нысандары мен жер учаскелері бар барлық жеке тұлғалар мүлік салығын төлеуге міндетті.
Салық қалай есептеледі және қашан төленеді?
Салықты есептеудің екі негізгі тәртібі бар:
1. Салықты мемлекеттік органдар есептегенде
Көп жағдайда сізге салықты өз бетіңізше есептеудің қажеті жоқ. Мемлекет мына нысандар үшін салық сомасын өзі есептейді:
- Тұрғын үйлер (пәтер, үй, саяжай)
 - Қоймалар, қосалқы құрылыстар, жертөлелер
 - Гараждар, тұрақ орындары
 - Осы нысандардың астындағы немесе оған іргелес жер учаскелері
 - Жеке қосалқы шаруашылық, бағбандық және саяжай құрылысына арналған жерлер (ондағы ғимараттармен бірге)
 
Төлеу мерзімі: Есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қазанына дейін (Мысалы, 2024 жылдың салығын 2025 жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек).
2. Салықты өз бетінше есептеу қажет болғанда
Егер сіздің меншігіңізде жоғарыда аталмаған басқа да жылжымайтын мүлік түрлері немесе жер учаскелері болса, салықты өзіңіз есептеп, декларация тапсыруыңыз қажет.
- Бұл жағдайда есептеу және есептілік шағын бизнеске арналған арнайы салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер (ЖК) үшін белгіленген ережелер бойынша жүргізіледі.
 
Мерзімдер:
- Декларация тапсыру: Келесі жылдың 31 наурызына дейін.
 - Салықты төлеу: Келесі жылдың 10 сәуіріне дейін.
 
2025 жылы мүлік салығынан кімдер босатылады?
Заңнамада салықтан толық немесе ішінара (белгілі бір сома шегінде) босатылатын азаматтардың санаттары көрсетілген.
1. Батырлар мен орден иегерлері
- Санаты: Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары бар, үш дәрежелі Еңбек Даңқы және «Отан» ордендерімен марапатталғандар.
 - Жеңілдік: Жылжымайтын мүліктің жалпы құнының 1000 АЕК (2025 жылы 3,9 млн теңге) шегінде.
 
2. Ардагерлер және мүгедектігі бар жандар
- Санаты: ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандар.
 - Жеңілдік: Жылжымайтын мүліктің жалпы құнының 1500 АЕК (2025 жылы 5,8 млн теңге) шегінде.
 - Қай нысандарға: Тұрғын үй, гараждар, бау-бақша және саяжайға арналған жер учаскелері.
 
3. Жетім балалар мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалар
- Санаты: 18 жасқа толғанға дейінгі жетім балалар.
 - Жеңілдік: Ардагерлер санатымен ұқсас, қосымша жылжымайтын мүлік нысандары бойынша да беріледі.
 
4. Мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі
- Санаты: Мүгедектігі бар баланың немесе бала кезінен мүгедектігі бар тұлғаның ата-анасының бірі.
 - Жеңілдік: Ардагерлер санаты сияқты жер учаскелері бойынша.
 
5. Көпбалалы аналар және жалғыз тұратын зейнеткерлер
- Санаты: «Батыр ана» атағы бар, «Алтын алқа» иегері көпбалалы аналар, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер.
 - Жеңілдік: Тұрғын үй астындағы және оған іргелес жер учаскелері бойынша 1000 АЕК (2025 жылы 3,9 млн теңге) шегінде.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты қазақстандықтар салық заңнамасының ерекшеліктеріне жиі назар аударуда. Егер сізді ҚҚС (НДС) туралы сұрақтар мазаласа, біздің алдыңғы материалымызды оқи аласыз.

									 
					