Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі зейнетақының орташа мөлшерін жария етті, деп хабарлайды Todayinfo.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен 3 триллион 158,1 миллиард теңге сомасында зейнетақы төленді. Оның ішінде:
- Базалық зейнетақы төлеміне – 1 триллион 22,1 миллиард теңге;
- Ынтымақты зейнетақы төлеміне – 2 триллион 136 миллиард теңге бағытталды.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлердің жалпы саны 2 миллион 510 мың адамды құрайды.
Орташа зейнетақы мөлшері қанша?
Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен төленетін орташа жиынтық зейнетақының мөлшері 142 810 теңгені құрады. Оның ішінде:
- Ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 249 теңге;
- Базалық зейнетақы мөлшері – 47 561 теңге.
Айта кетейік, 1 қыркүйектегі көрсеткішпен салыстырғанда бұл сома сәл төмендеген. Ол кезде орташа жиынтық зейнетақы 142 894 теңгені (ынтымақты – 95 326 теңге, базалық – 47 568 теңге) құраған болатын.
Зейнетақы жүйесін реформалау
Бұған дейін, 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент Тоқаев зейнетақы жинақтарының төмен деңгейін сынап, Үкіметке зейнетақы жүйесіне қатысты тәсілдерді шұғыл қайта қарауды тапсырған еді.
Осыған орай, қазан айының ортасында Еңбек министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – ұлттық зейнетақы жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдерін талқылау болды.
Талқыланған негізгі мәселелердің қатарында:
- Ынтымақты және жинақтаушы компоненттердің арақатынасы;
- Базалық зейнетақыны есептеу қағидаттары;
- Қолданыстағы зейнетақы жарналарының мөлшерлемесінің жеткіліктілігі;
- БЖЗҚ-дан ақшаны мерзімінен бұрын алудың болашақ төлемдерге әсері;
- Зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жинақтаушы жүйеге тарту шаралары бар.