Фото: БЖЗҚ
2025 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинақтарының көлемі 25,73 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,56 трлн теңгеге немесе 21,5%-ға көп, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жинақтардың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) құрайды – 24,4 трлн теңге, бұл былтырғыдан 19,8%-ға артық.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) 15,6%-ға өсіп, 726,9 млрд теңгеге жеткен. Ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) ең жоғары өсім көрсетіп, 32,8%-ға артқан – олардың көлемі 9,47 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қаңтарынан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен 596,2 млрд теңге жиналған.
Жинақ көлемінің өсуі жарналар мен инвестициялық табыс есебінен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың тоғыз айында салымшылардың шоттарына 2,37 трлн теңге зейнетақы жарналары түскен – бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,8%-ға артық.
Атап айтқанда:
• МЗЖ бойынша– 1,94 трлн теңге,
• МКЗЖ – 100,7 млрд теңге,
• ЕЗЖ– 1,82 млрд теңге,
• ЖМЗЖ– 326,02 млрд теңге түскен.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар көлемі 1,37 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артқан.
Ең көп төлем тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы төлемдерге тиесілі – 823,8 млрд теңге.
Жас бойынша зейнетақы төлемдері 23,4%-ға өсіп, 181,8 млрд теңгеге жеткен.
Зейнет жасына жеткен азаматтарға белгіленген кесте бойынша орташа айлық төлем 35 691 теңгені құрады.
Тоғыз ай ішінде сондай-ақ:
• мұрагерлерге төлемдер– 50,5 млрд теңге,
• тұрақты тұру үшін елден кетуге байланысты төлемдер – 32,6 млрд теңге,
• мүгедектігі бар адамдарға – 2,33 млрд теңге,
• жерлеуге арналған төлемдер– 8,03 млрд теңге,
• сақтандыру ұйымдарына аударымдар– 269,2 млрд теңге жүзеге асырылған.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-та 17,97 млн жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) ашылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға немесе 1,17 млн шотқа артық.
Оның ішінде:
• МЗЖ бойынша– 11,25 млн шот,
• МКЗЖ– 752,3 мың,
• ЕЗЖ – 460,1 мың.
Белсенді деп саналатын шоттар саны 6,91 млн, яғни олардың иелері жыл ішінде жарна аударып отырған. Бұл – потенциалды белсенді шоттардың 68,8%-ы.
Сонымен бірге, жұмыс берушінің міндетті жарналары есептелетін шартты зейнетақы шоттарының саны 5,32 млн бірлікті құрады.

 
									 
					