Фото: Ұлысмедиа
Қазақстанда ресейлік әншілердің гастрольдеріне байланысты дау күшейіп келеді. Әлеуметтік желілерде Полина Гагаринаның Астанадағы концерті мен Филипп Киркоровтың Алматыдағы өнерін тоқтату туралы үндеулер тарауда.
Гагаринаға қатысты наразылық
Полина Гагаринаның концерті 27 қараша күні Астанадағы Конгресс-орталықта өтуі тиіс. Алайда қарсы тарап әншінің Ресейдегі насихаттық акцияларға қатысуы және әскери агрессияны қолдауы басты себеп екенін алға тартып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы Алматыдағы оның концерті де халық наразылығынан кейін өтпей қалған болатын.
Киркоров та сын астында
Алматыда 29 тамызға жоспарланған Филипп Киркоровтың концерті де қоғамда қарсылық туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай әртістердің Қазақстан сахнасына шығуына қарсылық білдіріп отыр.
Бұған дейінгі жағдайлар
Бұл жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де қоғам тарапынан қарсылыққа байланысты бірқатар ресейлік әртістердің Қазақстандағы гастрольдері тоқтатылған еді.
Еске салсақ, 2022 жылдың қарашасында Филипп Киркоров соғысқа ашық қолдау білдіргеніне қарамастан, Астана мен Алматыда толық зал жинаған болатын.