АҚШ заңсыз жүрген шетелдіктерді өз еркімен елге қайтуға шақырып отыр, деп хабарлайды Todayinfo.
АҚШ билігі депортациялау туралы сот шешімі шыққанымен, ел аумағынан шықпай жүрген шетелдік азаматтарға CBP Home мобильді қосымшасын пайдалану арқылы өз еркімен және қысқа мерзімде елдеріне оралуға мүмкіндік берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің (DHS) ресми парақшасында хабарланды.
Мәліметке сәйкес, CBP Home қосымшасы арқылы елге оралатын азаматтарға бірнеше жеңілдік қарастырылған:
• Өзі қалаған рейспен қауіпсіз және ерікті түрде қайту мүмкіндігі;
• АҚШ-та еңбек етіп тапқан қаражатын өзімен алып кетуге рұқсат;
• Қамауға алынбай, мәжбүрлі депортациясыз елден шығу мүмкіндігі;
• Әуе билетін сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қаржылай көмек көрсету;
• Болашақта АҚШ-қа заңды жолмен қайта келу құқығын сақтау.
Алайда, өз еркімен елге қайтпаған жағдайда бірқатар қатаң шаралар қолданылатыны ескертілуде. Атап айтқанда:
• АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілдері азаматтарды ешбір ескертусіз жедел түрде қамауға алып, депортациялайды;
• Сот шешіміне қарамастан елде қалғандарға тәулігіне 998 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады. Айыппұл ретроспективті түрде, яғни соңғы бес жыл ішінде елден кету туралы шешім шыққан азаматтарға да қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда жалпы айыппұл сомасы 1 миллион долларға дейін жетуі мүмкін;
• Айыппұл төлеу мүмкін болмаған жағдайда азаматтың жылжымайтын және басқа да мүліктерін тәркілеу қарастырылады;
• CBP Home арқылы елге қайтатынын мәлімдеп, уәдесінде тұрмаған азаматқа 1000-5000 доллар аралығында қосымша айыппұл салынады;
• Сонымен қатар, мұндай азаматтар АҚШ-қа қайта кіру құқығынан айырылады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі заңсыз көші-қон салдарынан туындайтын жағымсыз құқықтық салдарды болдырмау үшін қазақстандық азаматтарды CBP Home қосымшасы арқылы ұсынылған мүмкіндікті пайдалануға шақырып отыр.
Фото: Reuters/ Kevin Mohatt