Келесі аптада қазақстандықтар Республика күніне орай қосымша демалыс алады. 2025 жылы 25 қазан сенбіге түсіп тұр, осыған байланысты демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылады.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес, мереке күні демалыс күніне (сенбі, жексенбі) сәйкес келсе, демалыс күні мерекеден кейінгі жұмыс күніне ауыстырылады.
Биыл 25 қазан (Республика күні) сенбіге келіп тұр. Сондықтан демалыс күні дүйсенбі, 27 қазанға ауыстырылады.
Бес күндік жұмыс аптасы
Бес күндік жұмыс кестесімен жұмыс істейтіндер үшін бұл ұзақ демалыс болады:
- 25 қазан (сенбі) — Мереке күні;
- 26 қазан (жексенбі) — Демалыс күні;
- 27 қазан (дүйсенбі) — Ауыстырылған демалыс күні.
Осылайша, бұл санаттағы азаматтар үш күн қатарынан демалады. Қазан айында бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтіндер үшін жалпы 9 демалыс және 22 жұмыс күні болады.
Алты күндік жұмыс аптасы
Алты күн жұмыс істейтіндерде ұзақ демалыс болмайды:
- 25 қазан (сенбі) — Мерекелік демалыс күні;
- 26 қазан (жексенбі) — Қалыпты демалыс күні;
- 27 қазан (дүйсенбі) — Жұмыс күні.
Осылайша, алты күндік жұмыс аптасында қазан айында 5 демалыс және 26 жұмыс күні болады.
Республика күнінің маңызы қандай?
Республика күні — Қазақстанның ұлттық мерекесі, жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі. Бұл мереке 1990 жылы Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күннен бастау алады. 2022 жылдан бастап Республика күні қайтадан ресми демалыс күні мәртебесін алды.
Бұл күні бүкіл ел бойынша мерекелік концерттер, көрмелер, флешмобтар мен фестивальдер өтеді. Тұрғындар басты алаңдарға шығып, мәдени іс-шараларға қатысып, демалысты отбасымен және достарымен өткізеді.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде 31 желтоқсанды ресми демалыс күні деп жариялау туралы пікірталас қайта өршіген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 31 желтоқсанның мемлекеттік мерекелер тізіміне кірмейтінін және оны «демалыс күні ретінде бекіту орынсыз» екенін еске салған еді.