Саратов облысының фермерлері Ресей президенті Владимир Путинге бейнеүндеу жасап, Қазақстан аумағынан миграцияланған сайғақтар мәселесін шешуге көмек сұрады. Бұл видео «Взгляд-инфо» сайтында жарияланды, деп хабарлайды Todayinfo.
Фермерлердің айтуынша, Қазақстаннан шамамен 1 миллионға жуық дала бөкені (сайғақ) миграциялаған. Мамыр айының екінші онкүндігінен басталған олардың жаппай қоныс аударуы егістік алқаптарын, жайылымдарды және шабындық жерлерді жойып жіберген. Ең көп зардап шеккен өңірлер — Александрово-Гай, Питер және Новоузен аудандары.
Бұдан бөлек, фермерлер Қызыл кітапқа енген сайғақтардың жаппай қырылуын да атап өтті. Бұл жағдай шетін су алынатын Кіші Узень өзенінде тіркелген. Ауыл тұрғындары бұл жағдай халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, деп алаңдаулы.
Сайғақтардан бөлек, фермерлер шегірткенің жаппай қаптағанын да айтып, бұл апатпен өз бетімен күресуге мүмкіндік жоқ екенін жеткізді.
«Біз Саратов облысының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті билікке бірнеше мәрте жүгінгенімізге қарамастан, мәселе шешімін таппай отыр», — делінген Путинге жолданған үндеуде.
Осы үндеуден бір күн бұрын «Взгляд» басылымы Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Роман Ковальскийге сауал жолдаған болатын. Шенеунік жауап бермегенімен, Саратов облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы ресми түсініктеме ұсынды.
«Қазақстаннан келген сайғақтардан зардап шеккен Александрово-Гай, Новоузен және Питер аудандарында жануарлар келтірген залалды бағалау үшін арнайы комиссиялар құрылып жатыр. Комиссия жұмысының нәтижелері жүйеленіп, жоғары органдарға жолданады. Фермерлерге көмек көрсету тетіктері қарастырылуда. Волга-Орал сайғақ популяциясына қатысты мәселе федералдық деңгейде де қаралады», — делінген басқарма жауабында.