Әйгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова халыққа үндеу жасады. Оның сөзінше, Бибісараның қазақ тілін білмеуіне қатысты дөрекі түрде сын айтатындар көп, деп хабарлайды Todayinfo.
«Бибісара орыс және ағылшын тілін жетік біледі. Қазақ тілін үйреніп жүр. Бибісара интеллектуалды спорт — шахматтан біздің елімізді әлемдік аренада танытып жүр. Оның желідегі парақшасын көптеген елдің адамдары оқиды. Сіздер қорлайтын, ашулы пікірлер жазу арқылы қазақтарды ызақор ұлт ретінде көрсетесіздер. Шын мәнінде қазақтар ондай емес, бізді олай тәрбиелемеген»,- деді шахматшы қыздың анасы.
Айта кетейік, Бибісара — Қазақстанның мақтанышы, шахмат әлемінің жарқын жұлдызы. 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанып, 2021 жылы Азия чемпионы атанды.
Сол жылы, небәрі 17 жасында, ол блиц шахматтан әлем чемпионы болып, осы атақты иеленген ең жас шахматшы ретінде тарихқа енді. 2022 жылы Бибісара тағы да әлемнің үздігі екенін дәлелдеп, чемпиондық атағын табысты қорғап шықты.
Фото: gov.kz