Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ның интернет қызметіне монополиялық жоғары баға қойғанын анықтады.
Нарықтағы кедергілер
Талдау барысында көпқабатты тұрғын үйлерде өзге операторлардың интернет қызметін орнатуына кедергі болғаны белгілі болды. Азаматтардың сапалы байланысқа қол жеткізу құқығын шектейтін мұндай жағдай әділ бәсекенің дамуына тосқауыл болған.
Сондай-ақ кабельді кәріз желілеріне қосылу кезінде техникалық шарттарды ақылы түрде беру фактісі анықталған. Алайда заңнамада бұл төлем қарастырылмаған.
Жаңа түзетулер
Агенттік ұсынысы негізінде радиожиілік спектрін бөлу шарттары жеңілдетілді. Бұдан былай виртуалды операторлардың қызметі заңды түрде реттеледі, ал ұялы байланыс операторлары қуатты жалға ала алады. Бұл байланыс нарығындағы бәсекенің артуына серпін бермек.
Бағаның көтерілуі
«Қазақтелеком» тарифтері 2024 жылы айтарлықтай өскені анықталды:
-
100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек., 500 Мбит/сек. интернет жылдамдығы бойынша бағалар 20%-ға дейін қымбаттаған.
Қазір компанияға қатысты заңбұзушылық фактілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Ұялы байланыс та назарда
Ұялы байланыс қызметі құнына қатысты да монополиялық баға қою белгілері табылды. Осыған байланысты тергеу тағайындау мәселесі қаралуда.
Агенттік бұған дейін де «Қазақтелеком» қызметін бірнеше рет тексергенін еске салды.