Түркістанда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Өңірді дамыту жұмыстары мен көрсеткіштерге тоқталып, бұл игі жетістіктерде қазыналы қарттарымыздың да үлесі мол екенін атап өтті, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан салтымыз. Сіздер отаншыл болмыстарыңызбен, аталы сөздеріңізбен ел бірлігін сақтауға үлес қосып жүрсіздер. Аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің барлық бағытта тұрақты дамуына, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында есімдеріңіз құрметпен аталары анық. Өткен аптада Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жұмыстарды жоғары бағалады. Аға буынмен, зиялы қауыммен жүздесіп, ауызбіршілікті сақтап келе жатқан ардагерлерге алғыс білдіріп, еңбекқорлықты насихаттауға шақырды. Сіздер осы ұстанымға сай болып, еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін» – деді Түркістан төрінде ардагерлермен кездескен облыс әкімі.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылды. Аталған заң, Түркістанның тарихи келбетін, Яссауи кесенесін сақтау, қаланың рухани бағытта өркендеуінің кепілі болмақ.
Осы игі бастамаларды жүзеге асыруда ардагерлердің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі назарға алынатынын атап өткен Дархан Сатыбалды бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түлкібас аудандық Әжелер алқасының төрайымы Күлбибі Ешенқұлова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Төлеби аудандық филиалының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар бәтуалы ойлар айтып, өңірді дамыту, ел бірлігін сақтау, руханият, ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы пікірлерін білдірді.
Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқанда концерт тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады.
«Бүгін біз халықаралық қарттар күнін атап өту үшін ел ағалары, ардагерлермен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп отырмыз. Кездесуіміздің маңыздылығы осы отырған «Достық» үйін кеше ғана Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы келіп ашылу салтанатына қатысты. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ардагер адамдардың қоғамдағы рөлінің маңыздылығын, Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңізді, даналықтарыңызды және біздің елге қосқан сүбелі үлестеріңізді ескере отырып қоғамды дамытуға ой бөлісуге шақырамыз. Қарттар – біздің мәдениетіміздің, дәстүрлеріміздің және тарихымыздың сақтаушылары. Өмір бойы еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, қоғамды дамытуға зор үлес қосты. Біздің міндетіміз – олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларға қамқорлық көрсету, және қоғамда лайықты орындарын қамтамасыз ету. Марапат иелерінің әрқайсысы өз саласында елеулі жетістіктерге жетіп, қоғамымызды жақсарту жолында табанды жұмыс істеді. Бүгінгі марапаттар – ардагерлеріміздің еңбегінің лайықты бағасы. Сіздерге алғысымызды жеткізе отырып, атқарған еңбектеріңіз келешек ұрпаққа үлгі болатынына сенімдімін. Марапаттарыңыз құтты болсын» — деді Бейсенбай Тәжібаев.
Жиын барысында бірқатар ардагер облыстық мәслихат пен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атынан марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ізгі лебізін білдіріп, төсбелгілер тапсырды. Облыстың 150-ден астам зейнеткер мен ардагер қатысқан мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Самғау» би тобы өнер көрсетті.
Түркістан облысында зейнеткерлер мен қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған. Осы аталған жоспарды іске асыру аясында бүгінгі таңда облыста 15 орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Түркістан қаласында осындай орталықтарға сұранысы көбеюіне байланысты қаланың көрікті жерлерінде 3 орталық зейнеткерлерге қызмет көрсетуде. Бұл орталықтарда қарияларға барлық жағдай жасалған.
Жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Бегбаева Унгай. Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын бұл мереке салтанатты түрде аталып өтеді. Түркістан облысының да барлық аудан, қаласында мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлер ардақталуда.