Желіде қазақстандық қоғам белсендісі Шамиль Исламбакиев Алматыда хостелдердің барлығында қатаң тексерістер мен ірі көлемде айыппұл салынып жатқанын жеткізді. Айтуынша, түрлі мемлекеттік органдар ғимараттарға ескертпестен келіп, көптеген хостелге әр кемшілік үшін 800 мың теңгеден аса айыппұл салып жатыр.
Фото: pixabay.com
Бұрын өзі де осы кәсіп түрімен айналысқан азамат facebook желіcінде мұндай тексерістің бизнес өкілдеріне қиындық тудырып жатқанын жеткізді.
“Алматыда хостелдерді қысымға алып жатыр! Оларға барлық орган: СЭС, ГАСК, салық, өрт сөндірушілер, полицейлер, көші-қон полициясы тексеруге барып жатыр. Ескертусіз келіп, бірден үлкен айыппұлдар салады. Меніңше, құзырлы органдар бизнестің бұл түрінің форматы мен тұжырымдамасын түсінбейтін сияқты. Олар хостелдерге қонақүйге қойылатын талаптарды қояды”, – деді Шамиль Исламбакиев.
Қоғам белсендісінің айтуынша, айыппұл салдарынан көптеген нысандар жабылуға мәжбүр. Тіпті кейбірі құлдыраудың сәл-ақ алдында тұр екен.
“Кір жуатын орынмен келісімшарт жоқ, әр бөлмеде кондиционер жоқ, дәретханада қағаз сүлгілер жоқ деп әр ескертпе үшін 849 мың теңге айыппұл салған. Жуғыш заттарға сертификат жоқ деп тағы 849 мың теңге арқалатқан. Хостел қонақүй емес. Бұл – арзан бағаға төмен жайлылықпен орын беру. Хостелдер мұндай бағамен қонақүй деңгейінде қызмет көрсете алмайды. Бұл тиімсіз болып, қызметтердің күрт қымбаттауына әкеліп соғады. Салдарынан қаладағы мыңдаған адам баспанасыз қалуы мүмкін. Себебі пәтер жалдап, қонақүйде тұруға мүмкіндігі жоқ жандар осы қызметке жүгінеді. Хостелдер туристер арасында да сұранысқа ие. Олар да туризмнің дамуына үлес қосып келеді”, – деп қосты ол.
Шамиль Исламбакиев 2023 жылдың соңында Алматыдағы хостелдердің бірінде болған қайғылы оқиғадан кейін тексерулердің жүргізілгенін тілге тиек етті.
“Бірақ тараптардың әрқайсысының (мемлекет, бизнес, қоғам және тұрғындар) мүдделерін ескеріп, талаптар мен ережелерді қалыптастырудың орнына, хостелдерге қысым мен салық жүктемесін көбейтіп жатыр. Қауіпті аймақтағы жертөледегі орындармен күресудің орнына, өздеріне түсініксіз болған бұл бизнес түрін барынша жоюды қолға алса керек”, – деп жазды белсенді.
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өртке қарсы бақылау басқармасынан жағдайдың анық-қанығын сұрады. Ведомство мәліметінше жыл басынан бері 175 хостелге тексеру жүргізілген.
“Департамент Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының 14.08.2024 жылғы №2-01-24-65187 тапсырмасын орындау мақсатында бекітілген тізімге сәйкес (жатақханалар мен хостелдер) өз өкілеттік шеңберінде өрт қауіпсіздігі заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізуді ұйымдастырды. Тексеріс нәтижелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша 162 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 147 тұлғаға ескерту және 15 тұлғаға жалпы сомасы 535 мың 340 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 8 хостел бойынша нұсқамаларды тиісінше орындамағаны үшін материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жіберілді. Бүгінде барлық материал қарастырылып, жалпы сомасы 1,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды”, – деді ведомство.
Еске салайық, былтыр 30 қараша күні Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адам қаза тапқан еді. Көз жұмғандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Ал Алматы әкімдігі марқұмдардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді.