Ақмола облысы, Біржан Сал ауданына қарасты Қоғам ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан инфрақұрылымдық мәселелерге байланысты дабыл қағуда. Көкшетау мен Астана арасындағы маңызды жол бойында орналасқан елді мекеннің жағдайы алыстағы түкпір ауылдардан да төмен, деп хабарлайды Todayinfo.
«Жол салып жатырмыз» дегенмен, іс аяқсыз қалған
Тұрғындардың айтуынша, ауыл ішіндегі және ауылға кіреберістегі жолдарды жөндеу жұмыстары басталып, кейін белгісіз себептермен тоқтап қалған. Қазіргі таңда ауыл ішіндегі көшелерде жүру қиын, әсіресе көктем мен күз айларында жағдай тіпті күрделене түседі.
Электр жарығы мен ауызсу – шешімін таппаған түйткіл
Электрмен қамту мәселесі де жиі үзілістермен және сапасыз қызметпен сипатталады. Ал ауызсу мәселесі – ауыл халқы үшін ең ауыр тақырыптардың бірі. Тұрғындар таза суға қол жеткізу үшін арнайы тасып ішуге мәжбүр. Бұл жағдай денсаулыққа да, тұрмыстық жағдайға да кері әсерін тигізіп отыр.
Ауыл тұрғындарының үміті – облыс әкімі Марат Ахметжановта
Қоғам ауылының тұрғындары Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа тікелей үндеу жасап, ауылдың инфрақұрылым мәселесін жеке бақылауына алуды сұрайды. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы өз жанайқайларын жеткізіп, бейнежазбалармен бөлісуде.
«Біз елдің ортасында тұрып, осындай жағдайды бастан кешіп отырмыз. Ауылда балалар, қарттар, жұмыс істейтін адамдар бар – бәріне қиын. Көмектесіңіздер!» – дейді ауыл тұрғындары.
Тұрғындардың наразылығына Біржан сал ауданының әкімдігі жауап жазған.
Олар Қоғам ауылында 2024 жылы 27 млн 115 220 теңгеге ауылдық әкімдік қажетті материалдарды сатып алып, жөндеу жұмыстарын «Көкшетау Энерго» компаниясының Еңбекшілдер бөлімшесі меморандум аясында жүргізгенін хабарлаған.
«Ұзындығы 4,9 км болатын су құбырларын жөндеу жұмыстарына 2024 жылы облыстық бюджеттен 140 065 000 теңге бөлінді. Жұмыстарды «Шын Мирас» ЖШС атқарды.Алайда, бөлінген қаражат пен күш-жігерге қарамастан, 2024 жылғы қолайсыз ауа райы, атап айтқанда жиі жауған жаңбыр, атқарылған жұмыстардың сапасына кері әсер етті. Электр және су құбырлары бағаналарының айналасындағы топырақ шөге бастаған, бұл инфрақұрылым жұмысына қосымша қиындықтар туғызды.Мердігер ұйымдар шарт бойынша анықталған кемшіліктерді 2024 жылы жоюға міндеттелді.«Көкшетау Энерго» ЖШС бекіткен жұмыс кестесіне сәйкес, Қоғам ауылында электр желілерін жөндеу маусым айына, Қаратал ауылында тамыз айына жоспарланған.Ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеу бойынша жұмыстарды аяқтауға 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 80 млн теңге бөлінді. Жұмысты орындаушы ретінде «Астана Алькорд» ЖШС анықталған.Балаларға арналған көпфункционалды ойын алаңын орнату мәселесі бойынша 2023 жылы жалпы құны 61 560 000 теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты қаражат бөлінбеген»,- дейді әкімдік.