Қазақстан – Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасының өкілдері қатысқан халықаралық EXPO көрмесінің ашылуында Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтау сөз сөйледі.
Қонаев қаласы әкімдігі мен жеке өзінің атынан көрме ұйымдастырушыларына шынайы алғысын білдірген қала басшысының орынбасары аталмыш іс-шараны маңызды халықаралық алаң ретінде бағалады, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
– Бүгінгі көрме – Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететін маңызды қадам. Әсіресе Хоргос қаласының “Бір белдеу – бір жол” бастамасын жүзеге асырудағы стратегиялық рөлі айрықша, – деді ол өз сөзінде.
Төлеген Кенжебеков Қонаев қаласының әкімшілік және экономикалық орталық ретіндегі рөлін атап өтті.
Әкім орынбасары аймақтың туризм, логистика, ауыл шаруашылығы мен инновация салаларында ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірдің әлеуеті зор және мұндай халықаралық көрмелер өзара тиімді жобаларды бастауға жол ашады.
Сөз соңында Төлеген Кенжебеков ұйымдастырушыларға жоғары деңгейде өткізілген көрме үшін алғыс айтып, қатысушыларға жемісті жұмыс, табысты келіссөздер және нәтижелі серіктестік тіледі.