Қонаев әкімдігі тұрғын үй құрылысына жауапты мердігер компанияны сотқа берді.
Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, бірнеше құрылыс нысанын аралап көрді. Олардың қатарында № 10 шағын ауданда құрылысы ұзаққа созылған 60 пәтерлі үш тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің сыртқы және ішкі жұмыстары әлі аяқталмаған.
Қаланың коммуналдық қызметі барлық инфрақұрылымды тартып қойса да, үй желілерге қосылмаған.
«Сіздер жұмысқа селқос қарамасаңыздар, жаңа жылда 180 отбасы баспаналы болар еді. Бекітілген мерзімнен 2 айға кешігіп жатсыздар. Құрылыс бөлімі олқылықтардың орнын толтыру бағытында 5 хат жолдаған, енді сіздердің компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа берді. Ең бастысы, сіздер мынаны түсінуіңіз керек, үй кезегінде тұрғандар пәтер кілтін асыға күтіп отыр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектер және басқа әлеуметтік осал топтағы жандар бар», — деді Нұрлан Құматаев «Sheberbuild» ЖШС өкілдеріне қарата сөйлеп.
Айтуынша, үй құрылысынан бөлек, аулаларды абаттандыру жұмыстыры да әлі басталмаған.
Шаһар басшысы мердігер компаниямен бірге тапсырыс беруші тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс бөлімі де жауапқа тартылатынын айтты.
Сондай-ақ ол «Sheberbuild» ЖШС Қонаевта құрылысы жүріп жатқан басқа нысандарда мердігер екенін тілге тиек етті. Олардың да жұмысы мерзімінен кеш қалған. Сондықтан әкімдік компанияны жауапсыз деп тану үшін сотқа жүгінбек.