Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Қордай ауданында құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерілген өзекті мәселелер мен «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Кездесу барысында Серік Сәлемов Жолдауда айқындалған басым бағыттарға тоқталып, еліміздің құқықтық жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтар мен реформалар жайында баяндады. Сондай-ақ құқық қорғау саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызына назар аударды.
Оның айтуынша, әрбір азамат өз құқығы мен міндетін біліп, заң мен тәртіпке бағынған жағдайда қоғамның тұрақтылығы мен елдің өркендеуі қамтамасыз етіледі.
Кездесуде тұрғындар белсенділік танытып, құқықтық сауаттылықты арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылады.
Айта кетейік, «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы осындай кездесулер алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасатын болады.