Қазақстан мен Қытай шекарасында жүк тасымалына қатысты күрделі жағдай қалыптасты. Ел Президенті кеден жүйесін ретке келтіруді тапсырғанымен, Көлік министрлігі жүзеге асырған сәтсіз цифрландыру салдарынан шекарадағы әлеуметтік шиеленіс күшейіп отыр. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі жазды.
Көлік министрлігінің жүйесі ескертілмей енгізілді
Нұрлы жол кеден бекетінде жаңа «ҚаргоРұқсат» және «Қарго Әлем» ақпараттық жүйелері дайындықсыз енгізілген. Көптеген тасымалдаушылар бұл өзгеріс туралы алдын ала хабарландырылмаған. Жүйенің жұмысында ақаулар пайда болып, шекарадан өту процесі қиындаған. Куәгерлердің айтуынша, кейбір көліктер техникалық қателіктерге байланысты заңды кезегімен кірсе де, тіркеусіз өткізіліп кеткен.
Жүк тасымалдаушылардың үндеуі
Қазақстандық жүк тасымалдаушылардың бір тобы ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне арнайы үндеу жолдады. Онда былай делінген:
«Біз, Қазақстандық тасымалдаушылар, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Харгос қаласына заңды кезекпен кірдік. Алайда «ҚаргоРұқсат» жүйесі рүқат бермеді, Нұрлы жол бекеті бізді құжатсыз өткізіп жіберді. Жүйе ауысып жатқанын ешкім ескертпеді. Қазір біз Харгос бекетінен шыға алмай отырмыз. Кейбірімізде жүк бар, кейбіріміз жүксізбіз. Қытай кеден бекеті авто көліктеріміздің құжаттарын алып қойды. Егер осындай қиындықтар туатынын білсек, Қытайға кірмес едік. Біз отбасымызды асырау үшін, несиелерімізді жабу үшін осы салада жұмыс істеп жүрміз. Қытайда әр күнімізге 30-40 мың теңге көлемінде шығын кетіп жатыр. Ақшамыз таусылып барады. Мәселені шұғыл шешіп беруді сұраймыз».
Көпшіліктің үміті – Үкіметтің нақты әрекетінде
Қазіргі ахуал еліміздің көлік және логистика жүйесіне үлкен соққы болып отыр. Сарапшылар мұндай жағдай ұзаққа созылса, тек шекарадағы емес, ел ішіндегі азық-түлік және өнеркәсіптік тасымалдарға да кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
Қоғам өкілдері мен жүргізушілер билік тарапынан нақты шешім қабылданып, техникалық жүйелердегі ақаулар жойылатынына үміт артып отыр.
Редакция ескертпесі: ҚР Көлік министрлігі тарапынан ресми түсініктеме берілген жағдайда материал жаңартылады.