Фото: Астана әкімдігі
Астана Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Прокурор аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салған экс-шенеунікке ауыр жаза сұрады, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі tengrinewsке сілтеме жасап.
Астанада 2016 жылы Есіл өзеніне орнатылған «Күн» субұрқағына қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта субұрқақ құрылысы кезінде жасалған ұрлыққа қатысты тараптардың пікірталасы басталды.
Мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтарбай мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен инженер Мәди Қанапинге жаза тағайындауды сұрады.
«Болат Мажағұловты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деп мәлімдеді прокурор.
Инженер Мәди Қанапинді Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі («Көмектесу») және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.
Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.
2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.
Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.
Онсызда ауыр айыппен қамауға алынған Болат Мажағұловқа оның әйелі мен туыстары да қарсы шықты. Айтуларынша экс-шенеунік екінші әйеліне де бизнес ашып беріп, оған жасырын көмектескен.