Қостанай қаласында науқастың туыстары жедел жәрдем қызметінің фельдшерін соққыға жықты. Дәрігерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаға байланысты Қостанай облысының полиция департаменті «Побои» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Оқиғаның мән-жайы
Фельдшер Анель Баймурзинаның айтуынша, ол кезекшілікке түнгі ауысымда шыққан. Түскен қоңырауда «Тыныс алу қиындауы, жүрек» деген шағым бойынша мекенжайға барғанда, науқастың туыстары оларды агрессивті қарсы алған.
«Біз алғашқы медициналық көмекті көрсетіп жатқанда, науқастың қыздары кедергі келтіріп, бізге тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсетті. Біраз уақыттан кейін науқастың жүрегі тоқтап қалды. Біз 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргіздік, бірақ нәтиже болмады. Қайғылы жағдай туралы хабарлағанымыз сол еді, олар маған тап беріп, шашымнан сүйреп, ұрып-соқты. Екінші фельдшер мен жүргізуші мені қорғауға тырысты, бірақ әйелдер тым агрессивті болды. Айқайлап көмек сұрағанымда, жүргізуші көрші пәтерге жүгіріп барып, полиция шақыруды өтінді. Көрші келіп, мені құтқарып қалды», – деді Анель Баймурзина.
Жәбірленуші фельдшердің айтуынша, соққыдан кейін оның денсаулығына айтарлықтай зиян келген:
- Бас миының шайқалуы;
- Самай тұсындағы гематома;
- Құрсақ аймағының соққысы;
- Беттегі жұмсақ тіндердегі жарақаттар.
Құзырлы органдардың мәліметі
Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Тергеу барысында 41 жастағы және 51 жастағы әйелдер жедел жәрдем фельдшеріне дене жарақатын салғаны анықталды. Аталған іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары «Побои» бабы бойынша жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Медициналық қызметкерлерге жасалған шабуылдар
Бұл – медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Ақмола облысында да екі рет дәрігерлерге қол көтеру оқиғасы тіркелген. Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайлар олардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді және қызмет барысында кедергі келтіреді.
Мамандар медициналық қызметкерлерді қорғау шараларын күшейту қажеттігін айтып, құқық қорғау органдарынан қатаң бақылау жүргізуді талап етуде.